ТАНЫМДЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯ ТАҢДАЙ ҚАҚТЫРДЫ.

     

Жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік, елжандылық қасиеттерді сіңіруде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ көптеген ауқымды әрі нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Солардың бірі – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ 10 жылдығына орайластырып өткізіліп отырған желілік «Туған елге тағзым» танымдық –өлкетану экспедициясы. Биыл еліміздің рухани-мәдени орталығы саналатын қасиетті Семей шаһарына Алматы мен Атырау қалаларындағы Зияткерлік мектептің оқушылары атбасын тіреді. Бірі –физика-математикалық, бірі – химия-биологиялық бағытта білім беретін қос білім ошағының шәкірттерін теміржол вокзалынан семейліктер ыстық ықыласпен қарсы алды. Сапардың алғашқы күні өзара «Танысу кешін» өткізген зияткер оқушылар мектеп ішін, қаланың көрнекті жерлерін аралап, танысты.
Жалпы, Семей қаласы әлемге әйгілі тұлғаларды дүниеге әкелуімен ғана емес, рухани-мәдени азығы мол мұражай, кітапхана, театрларының көптігімен мақтана алады. Мәселен, Қазақстандағы көне музейлердің бірі – Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейі, Абайдың мемориалдық қорық мұражайы, «Алаш арыстары – М.Әуезов» мұражайы, Ф.Достоевский мұражайы, Невзоровтар отбасы атындағы мұражайы сынды мәдени орындар кірген адамды өзіндік ерекшеліктерімен таңғалдыра алады.
– Семейге алғаш келуім. Бала күнімде әжем Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған өлкеге алып барамын деп жиі айтатын. Құлаққа сіңісті осы бір сөздер мені Семейге көрмей тұрып-ақ құмар етті. Енді міне, экспедиция аясында арманым жүзеге асып, ұлылар табанының ізі қалған жерге келіп отырмын. Әсерім керемет. Семей – көне ескерткіштері көп, өзіндік сәулеті қалыптасқан қала екен. Ал мұражайлардағы жәдігерлерді қарап, жергілікті халықтың мәдениетінің бай, тұрмыс –тіршілігінің жақсы болғандығын көруге болады. Мәселен, мені «Алашорда» үкіметінің Батыс бөлімшесін басқарған Жаһанша Досмұхамедовтің өмірі, қызметі бұрыннан қызықтыратын. Алаш азаттығын аңсаған есіл ер жайлы зерттеу жүргізуді қолға алғам. Соған қажетті біраз деректерді Семейдегі «Алаш арыстары- М.Әуезов» мұражайынан таптым. Экспедиция мен үшін өте пайдалы өтті, -дейді атыраулық оқушы Аружан Картыкова.
Семейге табан тіреген кез-келген қонақ Абай, Шәкәрім, Мұхтардай ұлы тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті топырақ Абай ауданына соқпай кетпейді. Экспедицияның бір күнін киелі жерге арнаған оқушылар үш алыптың туған елді көзімен көріп, алыптар ізі қалған жерді басып әсер алды. Бұл сапарда Абай әндері шырқалып, Шәкәрім шығармалары, Мұхтар мұралары насихатталды. Тіптен Абай ауданының атақты «Қаламқас» ән-би ансамблінің концертін тамашалады.
– Мамандығым тарих пәнінің мұғалімі. Семейге сапарлап келгеніме шынымен қуаныштымын. Қала тарихқа бай, шежіреге толы екен. Әр күніміз қызыққа толы өтті. Түрлі мұражайлар, кәсіпорындарды аралап, ауылшаруашылық саласы мамандарымен тілдестік. Жалпы Семей елінің адамдары өте қонақжай келеді екен. Біліп, үйреніп, көкейге тоқып қайтар мол азық жинадым. Жасыратыны жоқ аз күнде едәуір бауыр басып қалдық. Кеткіміз жоқ. Алда тағы бір мүмкіндік болса, қалайда келуге тырысамын, – дейді алматылық ұстаз Алмат Нартайұлы.
Атырау мен алматылық оқушылар Семей шаһарынан бөлек, Курчатов қаласы мен стратегиялық маңызы бар Шүлбі су қоймасында болды. Бұл жерлерде оқушылар Курчатов қаласында орналасқан Ұлттық ядролық орталық пен ядролық технологиялар паркінің жұмысымен танысты. Бұдан бөлек, республикамыздағы көлік құрастырумен айналысатын «Семей машина жасау зауыты» АҚ –на, құрылыс саласында өзіндік орны бар «Силикат» ЖШС -не барып, кәсіпорындардың тарихымен және өндіріс технологиясымен танысты. Бір аптаға созылған танымдық – өлкетану экспедициясының қорытындысы ТЕДх форматында өткен басқосуда талқыланып, қонақтар алған әсерлерімен бөлісті. Қажетті білім қорын жинаған олар сәті түссе Семейге тағы да келуге қарсы емес екендіктерін жеткізді.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.