ҒАЖАЙЫП САЯХАТТЫҢ БАСТАМАСЫ

Бүгінде барша қазақстандықтар тәуелсіздіктің тұғырын нығайтып, елдің түтінін түзу ұшыруға барын салып келеді. Енді осы құнды қасиетті, асыл мұраттарды, Отан, ұлт және болашақ үшін жауапкершілік сезімді қазіргі жас ұрпақ, келешекте ел тізгінін ұстар азаматтар бойына дарыту мақсатында еліміздегі Назарбаев Зияткерлік мектептері «Туған елге тағзым» жобасын қолға алған болатын. Аталған жоба аясында биыл мектебіміздің «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы қазақ елінің ең үлкен шаһары – Алматы қаласына жол тартқан болатын. Экспедицияның басты мақсаты шәкірттерімізді еліміздің ұлан-байтақ жерлерімен, қазақ елінің мәдени мұрасымен, тарихи жетістіктерімен таныстыру болғандықтан, экспедициялық топтың алғашқы сапары Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің бес жылдығына орай салынған ескерткіші Тәуелсіздік монументі және қаланың қақ жүрегінде орналасқан, даңқ мемориалымен және Мәңгі алауымен танымал, кеңес халқы жеңiсiне 30 жыл толу мерейі қарсаңына, ҰОС-да отанымыздың тәуелсіздігін, бостандығын, абыройын қорғағандарға арнап құрылған 28 гвардиялық-панфиловшылар атындағы саябақтардан бастау алды.

 

Әрімен қарай, мектебіміздің жас зерттеушілері Қазақстанның Индустриализациялау картасына индустриялық – инновациялық даму бағдарламасы аясында енген, сүт өнімдерін өндіретін «Danone Berkut» компаниясына сапар шекті. Сүт өнімдерін өндіру және өңдеу саласындағы әлемдік сарапшы, озық компанияларының бірі «Danone Berkut» компаниясына барған сапары оқушыларға керемет әсер қалдырды. Компанияны тек теледидар арқылы емес көзбе-көз көрудің өзі оқушыларымыздың көңіліне қуаныш ұялатты. Толық антисептиктік талаптардан өтіп, ішіне кірген сәттен бастап зерттеушілеріміз зауыттың құрылғыларының жұмысымен танысты. Компания болашақ биологтар мен химиктер үшін таптырмас бағалы мәліметтерімен пайдалы болды. Оның үстіне, қазақстандық өніммен танысуға, оның қандай дәрежеде дайындалатынын көруге мүмкіндік берді. Ең бастысы, жұмыскерлердің халықтың дұрыс өніммен тамақтануына алаңдауы оқушыларымызды қатты қуантты. Келесі кезекте, біздің келешек түлектер үшін өте оңтайлы сәт туды. Олар Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаевтың және Carnegie Mellon ақпараттық технологиялар университетінің ынтымақтастығымен салынған еліміздің жетекші ЖОО-ның бірі Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне барып, университеттің тыныс тіршілігімен танысты. Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті журналистика, IT мамандықтарын таңдаушыларға өзінің оқу жүйесімен, жаңашаландырылған технологиясымен, талаптарымен оқушыларымыздың қызығушылығын тудырып, өз алдына керемет әсер қалдырды. Күннің соңында жас зерттеушілеріміз Павлодар қаласынан келген оқушылармен жақынырақ танысып, Алматы қаласының бірегей табиғи көрінісін және ХХI ғасырды ң ғылыми жетістіктерін біріктіру мақсатында құрылған Тұңғыш Президентіміздің саябағында серуендеп, зерттеу экспедициясының алғашқы күнін сәтті аяқтады