Ұлы мекеннен үлкен ілім.

Ел мен жердің тарихын жатқа білу әр өскелең ұрпақтың өткені мен ұлтына деген құрметтің бірі болар еді. Бұл ертеңгі күнге бағдар жасауға да көмектеседі. Төл тарихымыздың қатпар-қатпар беттерінде ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолы мен өмірлік ұстанымы, тұрмыс –тіршілігі, артына қалдырған мол мұралары жатыр. Оны танып білу бүгінгі заман адамының үлесінде. Осы мақсатты басшылыққа алған Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жатақханасының тәрбиеленушілері ойшыл, ақын Абайдың туған жеріне сапар шегіп, білім көкжиектерін кеңейте түсті.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұйымдастырылған «Семей – Жидебай ұлылар мекеніне танымдық саяхат» атты сапарда оқушыларымыз Отанға деген сүйіспеншіліктерін, ұлтымыздың Ұлы тұлғаларына деген құрметтерін арттыра түсті десек артық айтпаймыз.
Жолға шықпас бұрын жатақхана тәрбиешілері өзара ақылдаса келе әр оқушыға терең ой салатындай, көргенінен ләззат, естігенінен ғибрат алатындай әсер қалдырудың жолдарын қарастырып, жоспар құрды. Жоспар бойынша жолға шыққан оқушылар, ата-аналар, тәрбиешілер бірнеше тарихи орындарды аралап қайтуы тиіс. Олардың қатарында заманының заңғар жазушысы М.Әуезовтің Бөрілідегі мұражай- үйі, «Еңлік-Кебек» ескерткіші, Жидебай қорығы, Шәкәрім бабамыздың саят қорасы, Еуразия құрлығының кіндігі белгітасы, Ұлжан мен Зере кесенесі, Абай-Шәкәрім кесенесі, амфитеатр бар.
Жалпы Семей мен Жидебайдың арасы 180 шақырымның ар жақ, бер жағында. Сапар ұзақ. Жол үсті жеткіншектерді жалықтырмас үшін тәрбиешілер қазақ жазба әдебиетінің негізін қалап, тыңнан түрен салған Хәкім Абайдың шыққан,өскен ортасы, өмірі мен шығармашылығына қатысты викториналық сұрақтар қойып, оқушылар зейінін тексеріп отырды. Тіптен Абай ауданы жайлы да сыр шертіп, жер тарихына да назар аудартты.    Автобус ішінде ұйымдастырылған «Көршіңді танып біл» ойыны да көпшіліктің көңілінен шығып, қатысушылар белсенділік танытты.
Діттеген жерге жетісімен ерекше әсерге бөленген оқушылар үшін Абай, Шәкәрім, Мұхтардай даналардың дүниеге келген жерін көру, олардың басқан ізімен жүру, кезінде пайдаланған, тұтынған заттарын қолмен ұстау тіптен басқа әлемге алып келгендей күйге түсірді.
Мектебіміздің 7 сынып оқушысы Мадияр Баймұратов: «Абай, Шәкәрім, Мұхтар бабаларымыз жайлы мектеп бағдарламасынан таныспыз. Тіптен Абай атамыздың өлеңдерін жиі оқимыз. Есту мен көру адамға екі түрлі әсер етеді. Өз басым ұлы адамдардың туған жерін көру, жақынырақ танысу бақыты бұйырғанына қуаныштымын», – десе, Ару Қожакимова есімді тағы бір оқушымыз бұл сапардың мәні тіптен бөлек екендігін айта келіп, қазақты ғана емес, адамзатты адами қасиеттен айнымауға шақырып, ой салар шығармаларымен танымал Абай атамыздың жеріне аяқ басу өмірге жаңа көзқараспен қарауға жетелейді, – деп өз ойымен бөлісті.
Амфитеатрға аялдаған оқушылар ақынның «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас» әндерін қосыла орындап, 7 сынып оқушысы Мариам Досмағұлованың қобызбен тартқан Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» шығармасын ынта қойып тыңдады. Бұдан бөлек Әлішер Сәбиғалиев, Аружан Сарбиева сынды жоғарғы сынып оқушылары мектебімізге енді ғана білім алуға келген 7 сынып оқушыларына қабылдау рәсімін өткізіп, оларға жоғарғы сыныптағы аға-әпкелері дәстүрлі «Нақыл сөз» бейжигін табыстады.
Осылайша, тағылымға толы 1 күндік танымдық саяхат аяқталып, жатақхана тәрбиеленушілері ойшылдар елінен білімнің мол қорымен қайтты.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.