Ұстаздар ұлықталды.

Қазақ кино өнері жарық жұлдыздарының бірі Серке Қожамқұлов талай шыңды бағындырып, елдің қошеметіне бөленсе де, өзінің мұғалімнен биік емес екендігін  «Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін» деген бір ауыз сөзімен білдірген екен. Шынында, дүниеде ұстаздан артық құрметке ие болатын бірде-бір мамандық жоқ. Жылдағы дәстүр бойынша Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары кәсіби мереке қарсаңында өз ұстаздарын құттықтады.
Білім мен тәрбие беруші мұғалімдерін таңертеңгісін ауладан қарсы алған оқушылар бұл күнді нағыз думанға айналдырды. Мектеп акт залында «Ұстаз аты биік әрі мәңгілік» атты мерекелік бағдарлама әзірлеп, әуезді ән шырқады, көңілді би биледі.
Мереке аясында мектеп директоры Бағдан Қайыржанов әріптестерін төл мерекелерімен құттықтай отырып, көптеген ұстазға Білім және Ғылым министрлігінің, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, мектеп әкімшілігінің атынан Құрмет грамоталары, Алғыс хаттарын табыс етті.
Мерекеге оқушылардың жан-жақты дайындалғаны көрініп-ақ тұр. 7 сынып оқушыларынан бастап болашақ мектеп түлектеріне дейін кештің көңілді өтуіне бар күштерін салған. Нәтижесінде 3 тілде ән тыңдалып, түрлі ұлттың биіне куә болдық. Тіптен орынды әзілде айтылып, мұғалім мен оқушы арасындағы күнделікті оқиғалар желісі сахналанды. Осы ретте оқушылар ғаламтор арқылы өзара сауалнама жүргізіп, жасырын дауыс бере отырып, түрлі аталымдар бойынша үздік мұғалімдерді анықтаған. Жүзден жүйрік шыққан ұстаздар сахнада марапатталып, иықтарына лента ілінді.
Осылайша, шәкірттер ұстаздарына деген құрметін тамаша бір кешпен жеткізе білді.

Семей қаласындағы ФМБ Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі