Оқушыларымыз халықаралық конференцияда ой бөлісті.

Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары халықаралық конференциядан олжалы оралды. Қыркүйек айының  21-22 күндері Елордамыз Астанадағы Назарбаев Орталығында Халықаралық Бейбітшілік күніне арналған «Орталық Азияның БҰҰ I Халықаралық Моделі» конференциясы өтті. Конференция жұмысына біздің мектебімізден 17 бала арнайы барып қатысты. Алқалы жиынды ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры мен кітапханасы бірлесе отырып ұйымдастырғанын атап өткеніміз жөн. Басқосуға ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директорының орынбасары  Сұлтан Айтжанов, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары  Әмірхан Рахымжанов, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко қатысты.
– «Орталық Азия Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық моделі» конференциясы Астанамыздағы Назарбаев орталығында өтіп жатқаны қуантады. Тұңғыш Президент қоры жастарға арналған бірқатар жобаларды жүзеге асыруға және талантты жастарға ғылым, шығармашылық және мәдениет саласындағы өз әлеуетін іске асыруға көмектеседі. Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің талқылануы жаһандық мәселелерді  шешуге талпынатын және әмбебап құндылықтарды ұстанатын белсенді жас ұрпақтың қалыптасуына ықпал ететініне сенімдімін. Сонымен қатар, жастар дипломатиялық, көшбасшылық және шешендік дағдыларды игеруге мүмкіндік алады, – деді ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов өз сөзінде.
Конференцияда балалар еңбегі, киберқауіпсіздіктің шабуылы, босқындар құқығы, ядролық қаруды қолдануды шектеу, діни төзбеушілік, гендерлік теңдік және «жасыл» қалалардың өсуі сияқты жаһандық мәселелер талқыланды.
Қазақстаннан, сондай-ақ Ресей, Германия, Пәкістан, Үндістан, Әзірбайжан, Бангладеш, Қырғызстан, Ауғанстан, Сербия, Өзбекстан және т.б. елдерден 200-ден астам делегат пен бақылаушы қатысқан конференцияда мектебіміздің шәкірттері түрлі комитеттерге жетекшілік етіп, өздеріне берілген тапсырмаларды ойдағыдай қорғап шықты. Тіптен олар жер шарындағы өзге де мемлекеттердегі өзекті проблемаларды талқыға салып, оның шешу жолдарын қарастырды. Нәтижесінде 12 сынып оқушысы Мұхамедәли Ибрагим  «Best Position Paper»,  11 сынып оқушысы  Аружан Стахан «Honorable Mention» ,  Алтынай Заманбекова мен Эмилия Кайзель салалары бойынша жеңімпаз атанды. Конференция біздің ұстаздар мен оқушылар үшін өзге де жастармен жаңа бір іс –тәжірибе алмасудың алаңы болды.

Морич Хрвое,
Жаһандық перспективалар және жобалық жұмыс пәні оқытушысы