Ұлтжандылықты ұлықтаған қоңырау өтті.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі биыл өз есігін 9 -шы мәрте айқара ашып, білім нәрімен сусындауға құмар талантты оқушыларды тәрбиелемек. Өтпелі кезеңде талай талантты шәкірттерін үлкен өмірге қанаттандырған білім ошағы биыл өз қатарын жаңа буынмен толықтырды. 1 қыркүйек білім күні аясында мектебімізде «Болашақ – білімде» атауымен салтанатты лездеме өткізіп, 7 сыныпқа қабылданған шәкірттерге ерекше құрмет көрсетті.
Лездемеде мектеп директоры Бағдан Қайыржанов сөз алып, жиналғандарды білім күнімен құттықтады.
– Білім күні ерекше мерекеге толы күндердің бірі.  Дәл осы күннен бастап, алғашқы қоңырау үнімен бірге, оқушылардың жеке тұлға және азамат ретінде қалыптасу кезеңі басталады. Бәсекеге қабілетті, саналы да сауатты ұрпақ, ең бастысы келешегі кемел еліміздің боалашақ көшбасшыларын даярлап келе жатқан Зияткерлік мектеп қатарымызға жаңадан қосылған оқушыларымызға «Қош келдіңіздер», – дегіміз келеді. Өткен оқу жылы біздің мектеп үшін табыссыз болған жоқ. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан 137 түлегіміздің 5 –і «Алтын белгі» иегері атанып, 21 –і «Үздік аттестатқа» қол жеткізді. Қазір осы 137 түлегіміздің 39 еліміздегі маңдайалды ұлттық, 78 –і өзге де отандық жоғары оқу орындарына, 20 –ы шетелдік озық білім беретін университтерге түсіп отыр. Соның ішінде 119 –ы грантқа түсуі бізді ерекше қуантады. Біз алдағы уақытта да талантты, дарынды шәкірттерді оқытып, тәрбиелеуді жалғастыра береміз, – деді Бағдан Тоқтамысұлы өз құттықтауында.
Лездемеге құрметті қонақ ретінде қатысқан Семей қалалық тілдерді оқыту орталығының басшысы, мектебіміздегі қамқоршылар кеңесінің төрайымы Зәуреш Исабаева оқушылар мен ұстаздарға жаңа оқу жылында табыс тілеп, бүгінгі қоғамның негізгі тіреуші күші – білімді тұлғада екендігіне тоқталды.
Ал мектебімізге еңбек етуге алғаш келген ағылшын пәні мұғалімі Розанет Лютер мен химия ұстазы Торилло Марсель Фулгенсио өздерін таныстыра отырып, бар білімдерін сарп етуге уәде берді.
Салтанатты шара мектеп оқушыларының әзірлеген шағын концертіне ұласып, домбырашылар оркестрі «Балбырауын» күйін орындаса, бишілер тобы «Рухани жаңғыру» тақырыбына орай флешмоб ұйымдастырды. Өз кезектерінде 7 сынып оқушылары ант беріп, 12 сыныптағы аға-әпкелерінің қолынан кітаптар сыйға алды. Адамның ең сыйлы досы кітап екенін ескерген жоғары сынып оқушылары бұл сыйларын «100 кітап» жобасы аясында тарту етті.
Лездеменің екінші бөлімі «Мен Отанымның бір бөлшегімін» патриоттық форумымен, тәрбие сағаттарына ұласты. Тәрбиелік «Шаңырақ» сағаттарында оқушылар Көшбасшылар кеңесі, әлеуметтік іс-тәжірибелер, әлеуметтік жобалар жайлы ақпараттарға қанықты.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.