Рахмет саған, жазғы мектеп!

Қызық пен қуанышқа толы жазғы мектеп 2 –ші маусымының соңғы күні. Солай бола тұрса да, ұстаздар күнделікті кестеге сәйкес өз сабақтарын өткізіп, оқушыларға қажетті ақпараттарымен бөлісті. Балалар бұл күні әдеттегідей түрлі курстарға бөліне отырып, 10 күн ішінде алған білімдерін тағы бір мәрте пысықтады. Ағылшын тілі, тігін тігу, қыш өнері, спорттық үйірмелер, би үйрену сынды сабақтар өткізіліп, жазғы мектептен алған әсерлерін ортаға салды.
Сонымен, қаламыздағы орта білім беру мекемелері оқушылары үшін ұйымдастырылған «Жазғы мектеп» маусымының аяқталатын күні де келіп жетті. Азғана уақыттың ішінде бір үйдің баласындай болып кеткен оқушылар өздеріне арналған мерекелік бағдарламаға ерекше дайындалып, әрқайсы өз өнерлерін ортаға салды. Бұл күні мектебіміздің акт залы ұстаздар күшімен безендіріліп, нағыз мереке екендігін еске салды.
Жабылу салтанатында Семей қаласындағ,ы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лариса Абылқасымова сөз алып, оқушыларды қызықты сәттің аяқталуымен құттықтады. Жазғы мектептің 2 маусымында белсенділік танытып, оқушылар бойына білім мен тағылымды тәрбие берген мұғалімдерге сертификаттар табыстады.
Салтанатты шараға барлық оқушы тартылып, олардың өнерлерін тамашалауға ата-аналары қонақ ретінде шақырылды. Сахна төріне көтерілген оқушылар ән салып биде биледі. Бір сәтке, топ жетекшілері ұйымдастырған сергіту, көңіл көтеру, ойындарына да қатысты.
Жазғы мектеп биыл көптеген артықшылықтар мен ерекшеліктерге толы болды. Оны оқушылардың өзі де көре, сезіне алғандығын айтады. Мерекелік концерт соңында барлығы бірлесе естелік суретке түсіп, алдағы оқу жылына тың күшпен баратындықтарын айтып тарқасты.

Ақлима Сексенбаева,
педагог-ұйымдастырушы-куратор