Сурет салу арқылы дүниетаным кеңейеді

Жазғы мектептің қызықтары бітер емес. Бүгін дәлізде оқушылардың үйірмелерде жасаған жұмыстарынан көрме ұйымдастырылды. Көрмеге  бала қиялынан туындап, жасалған ойыншықтар, түрлі бұйымдар қойылды. Солардың ішінде қыштан жасалған ыдыстар мен ермексаздан жасалған мүсіндер өте ерекше, тартымды көрінеді.
Сонымен қатар оқушылардың «Түнгі пейзаж» тақырыбында салған суреттері де еріксіз назар аудартады. Шағын көрме әр оқушы мен мектеп  қонақтары  үшін жаңа  рухани азық, қиял ғажайып әлем іспеттес.
Бұл күні сурет салуға ерекше басымдық берілгендіктен, оқушылар қылқаламның сиқырға толы қырларын тереңірек түсінуге тырысты. Сондықтан болар «Өнер» үйірмесінің мүшелері өз ұстаздарынан портреттің қалай салынатындығын, неге ерекше мән беру керектігі жайлы білгілері келетіндігін аңғартты.  Ұстаздары көмегіне сүйене отырып, оқушылар алдымен адам басының пропорциялары мен симметриясын зерттей бастады. Портрет салу алдындағы кеңеске ден қойған балалар соңынан қасында отырған көршілерінің портретін салуға кірісіп кетті.
Сурет салу да оңай шаруа емес. Жазғы мектеп оқушыларының арасында  бұрын-соңды портрет  салып көрмегендері де бар болып шықты. Дегенмен намысқа тырысқан олар  қолдарынан келгенше жанындағы адамды айнытпай салды.
Үйірмеде орындалған тағы бір тапсырма түнгі пейзажды салу. Оның да өзіндік қиындығы бар. Өйткені, пейзаж салуда бірнеше түсті араластыра отырып, көріністі анық көрсете білу қажет. Бұл тапсырманың қызықты болғаны соншалық, тіптен топ жетекшісі Баян Амангелді оқушыларымен бірлесе сурет салуды үйренуге кірісті.  Тырнақалды алғашқы жұмыстары болса да, балаларға өз жұмыстары көңілдерінен шықты.  Түнгі аспандағы жұлдыздарды бейнелеу үшін ақ бояуды суреттегі аспанға шашып үйренді. Бұл ерекше әдіс  өте әдемі шықты.
Психологияда  жиі қолданатын тағы бір сурет түрі ол әлемге әйгілі – «Мандала» суреттері. Мандала – бояу. Тарихтың терең қойнауынан жеткен бұл «шеңберлер» құпия мен тылсым сырға толы. Негізі бастан аяқ салып көруге де болады. Бірақ біз дайын мандаланы алып боядық. Адамды қатты шаршататын физикалық жүктемеден кейінгі осы жаттығудан адам миы тынығып қалады. Арт-терапияға жататын бұл бояу түрінің адам ағзасы мен көңіл-күйіне, психикасына жағымды әсері бар екені дәлелденген.
Көрме көрген адамның көңілінен шықты. Талапты жастың алғашқы еңбектері болса да жоғары бағаға ие болуы оларды шабыттандыра түсері анық. Болашақта танымал суретші болмаса да, қоршаған орта сұлулығына басқаша көзқараспен қарауға тәрбиелейтін сурет өнерінен азда болса хабардар болу әр оқушы үшін үлкен табыс.

Ақлима Сексенбаева,
педагог-ұйымдастырушы-куратор