Біздің мақсатымыз – баланы жан-жақты дамыту

Бүгін жазғы мектептің  2 –ші маусымының 5 –ші күні. Балалар бір-бірін жақсы танып, жақсы араласып, тіптен әзіл-қалжыңдары да жарасқан уақытқа жетті. Әр топтың жетекшілері мен түрлі курс мұғалімдерімен бір жанұяның адамдарындай еркін қатынас орнатқан оқушылар алғашқы аптаның да өте шыққанына сене алар емес. Әр күні қызыққа толы жазғы мектептің бүгіні балалардың ойлау қабілетін, жылдамдығын, қиялдай білу қасиеттері мен ерекшеліктерін дамытуға арналды. Сондықтан болса керек, тәлімгерлер мен мұғалімдер «бас қатырғыш» викториналық сауалнамаларды әзірлеп, балалардың білім деңгейін саралап көрді.
Осыған орай, оқушылар мобильді қосымшаларды құрастыру курсында сауалнама жасап үйреніп, «Президентті дұрыс анықта» атты викториналық қосымшасын құрастырды.  Курстың өзге сабақтарында сұрақтарға жауап беретін «шар» қосымшасын, сонымен қатар Семей қаласының картасын жасауды үйренді.
Жалпы жазғы мектепке білім алуға келген оқушылардың барлығы өнерден құралақан емес. Шетінен дарынды, талантты балалар. Мәселен,  «Робототехника» курсындағы Сабрина есімді шәкіртіміздің жаңа қырынан тануымызға тура келді. Өйткені, ол фортепианода көптеген туындыларды еркін ойнаудан бөлек, жеке дауыста әнде салатын болып шықты. Ал «Ағылшын тілі» курсына жазылған бір топ қыздарымыздың биге икемі бар екендігін байқадық. Жазғы мектеп – баланың қосымша білім алуынан бөлек олардың демалыстарын тиімді өткізуді көздейтіндіктен, көбіне ойынға мән беріледі. Ойын арқылы білімдерін пысықтау таптырмайтын әдіс –тәсіл. Мәселен, 5 сынып оқушыларынан құралған «Ағылшын тілі» курсы флешмоб дайындауға кірісті.
Шетел оқытушыларымен ұйымдастырылған ойындарда, оқушылар бірнеше бекеттерден өтіп, тапсырмалар орындады. Бір бекетте стакандардан мұнара тұрғызса, екінші бекетте қытай таяқшаларының көмегімен сарай жасау керектігі міндеттелді. Қиын да қызықты тапсырмаларды оқушылар сапалы түрде орындауға тырысты.

Ақлима Сексенбаева,
педагог-ұйымдастырушы-куратор