Семейлік оқушылар жаһандық мәселелерге алаңдайды

Соңғы 2 жылдан бері Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «БҰҰ моделі» элективті курсы жұмыс жасайды. Міне, осы аталған курстың арқасында оқушыларымыз БҰҰ моделінің түрлі конференцияларына қатысуға дайындалады. Конференцияларға қатысу шәкірттеріміздің басқа мектеп оқушыларымен тығыз қарым-қатынас қана орнатып қоймай, сыни ойлау мен пікірталастарда өз көзқарастарын еркін жеткізе білуге тәрбиелейді. БҰҰ моделі – ғаламдық мәселелерді шешуге ден қойған әлемнің әр қиырындағы ұшқыр ойлы азаматтардың басын біріктіретін платформа.
БҰҰ моделінің кезекті дәстүрлі New Silk Way MUN халықаралық конференциясы Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде өтті. Оған біздің мектебімізден Сымбат Мажиков,  Sue Parkes, Hrvoje Moric сынды жетекшілердің басшылығымен 21 шәкірт қатысып қайтты.  Жалпы конференцияға Қазақстан, Ауғанстан, Үндістан, қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан, АҚШ, Италия, Франция сияқты 20 мемлекеттен 350 –ден астам делегат келді. «БҰҰ Моделі – жаңа Жібек жолы» деген атпен өткен бұл жолғы конференцияның мақсаты – БҰҰ жұмыс жүйесіне қызығушы жастардың басын біріктіріп, тұрақты дамуға қатысты сұрақтарды талқылау мен олардың шешімін табу үшін халықаралық платформа құру.  Мектеп атынан қатысқан шәкірттеріміздің барлығы сретификаттарға ие болды. Солардың арасынан «Балаларға гуманитарлық көмек көрсетудегі жаһандық проблемалар мен үрдістер» тақырыбында баяндамасы үшін Камила Баденова (мұғалімі Назым Адаспаева), «Таяу Шығыс пен Ауғанстанда аймақтық қауіпсіздікті орнату» баяндамасы үшін Алтынай Заманбековалар (мұғалімі Фарит Хусаинов) «Үздік баяндама» сертификатына ие болды.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
 Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі