Шәкірттеріміз Отан қорғауға дайын

7 мамыр елімізде Отан қорғаушылар күні ретінде аталып өтіледі. Қуатты Армиямыздың айбынын асырып, ел тыныштығының кепілі болып жүрген ер-азаматтарымыздың абыройын арттыру мақсатында айтулы мерекелер қатарына енген бұл күннің маңызы ерекше. Әсіресе, өскелең жас ұрпақ үшін. Қазір осы мерекеге әртүрлі оқу орындары мен мектептерде тәрбиелік мәні зор іс-шаралар жиі өтіп тұрады. Солардың бірі біздің мектебімізде өтті.
Мектеп жатақханасы тәрбиеленушілері күшімен ұйымдастырылған «Отан деп соққан жүректер» шарасы жатақханадағы ер –азамат тәрбиешілер, тәрбиеленушілер мен кураторлардың қатысуымен өткен сайысқа ұласты.
Сайыс мерекеге орай дайындалған жатақхана қыздарының және ата-аналардың бейне құттықтауымен басталды. Сайыс ер-азаматтарымыздың жылдамдығы мен тапқырлығын сынауды көздеген соң оған қатысушыларға үлкен талаптар қойылды. Тіптен олардың іс – әрекеттерін бағалау үшін ата-аналар, оқушылар, ұстаздар үштігінен әділқазылар алқасы да құрылды. Өздерін алдын-ала әзірлеген постер арқылы таныстыру, 1 минут ішінде сапқа тұру,  автоматты жинау, нысана көздеу, киімді жылдамдықта кию, асық ату,  түрлі жарақаттарда алғашқы медициналық көмек көрсету сынды кезеңдерден тұрған сайыс тартысқа толы болды.
«Айбын», «Бүркіт», «Прометей» аталған командаларға топтасқан жігіттер өз шеберліктерін паш етті.  Мәселен, «Прометей» командасының мүшесі Айдын Ережепбаев автоматты 26 секунд ішінде жинап, үздік көрсеткішке қол жеткізді. Сондай –ақ Әлішер Сәбиғалиев, Тұрар Кәметай сынды оқушыларымыз алғашқы әскери дайындық пәнін оқымаса да, қатал тәртіпке қазірден әзір екендіктерін көрсетті. Нәтижесінде Әлішер автоматты 46 секундта жинап, саптағы сарбаз атануға дайындығын дәлелдеді.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды «Прометей» командасы жеңіп алды. 2-3 орындарды «Айбын», «Бүркіт» командалары өзара бөлісті.
– Менің ұлым оқу жылының басынан мектеп жатақханасында тұрып білім алуда. Сеніп тапсырған тәрбиешілер балама жақсы тәрбие, білім беріп жатыр деп толық айта аламын. Соның арқасында ұлым жан-жақты дамып келеді. Жатақхана тарапынан ұйымдастырылатын түрлі мерекелік шараларға жиі қатысып тұрады. Егер бұған дейінгі шараларға әжесі болмаса анасы келіп қатысып жүрсе, бүгінгі мерекеге өзім арнайы келіп отырмын. Жоғары сынып ұлдары мен, тәрбиешілер, ұстаздар қатысқан сайыс төменгі сынып ұлдары үшін үлгі болды. Балаларымыздың әскери өмірге мектеп жасынан бейімделуі ертеңгі күнімізге сеніммен қарауға болатындығын білдіреді. Сайысқа қатысқан әр оқушының әрі жылдам әрі шапшаң қимылдары мен автоматты лезде жинау әрекеттері көрген адамды сүйсінтеді. Тақырыпқа байланысты газет шығаруы, ән айтулары да ерекше қуаныш сыйлады. Аз уақыттың ішінде баламызды сан түрлі өнермен сусындатқан жатақхана тәрбиешілеріне алғыстан басқа айтарым жоқ. Мереке мерекеге ұласа берсін, – дейді Жанболат Болатбекұлы есімді ата-ана.
Мерекелік шараның аясында адамға рух беретін түрлі патриоттық әндер шырқалып, би биленді, поэзия оқылды.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
 Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі