Ойы ұшқыр, қолы жылдам өрендер жарысты

Елбасы – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Семей қаласындағы физика математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Рубик текшесін жылдамдықпен жинау бойынша «NIS CUBE SEMEY» атты 1 –ші қалалық біріншілік өтті.  Біріншілікке қатысуға қала және қала маңындағы ауылдардың  45  орта мектебінен 6 мен 16 жас аралығындағы 360 оқушы ниет білдіріпті. Кейінгі кездері өскелең ұрпақ арасында ерекше қызығушылық тудырған ой-қиял мен жылдамдық жарысына Рубик текшесін Семейде ғана емес Қазақстанда насихаттаушылардың бірі  жеке кәсіпкер Арман Машимов қолдау білдіріп отыр.  Біріншіліктің салтантты ашылуына Семей қаласы әкімінің орынбасары Надежда Шарова, Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының сыртқы істер бойынша орынбасары Бауыржан Серіков қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– Жарыс 7 тәртіп  бойынша ұйымдастырылып отыр.  Олардың қатарында «Спидкубинг» жылдамдықта құрастыру, «Бір қолмен» және  «Рескрамбл» жүйелерін ерекше атап өтуге болады. Біріншілікте  жеңіске жету үшін ойыншылар асқан жылдамдық көрсетулері қажет.  Қала тарихында алғаш рет ұйымдастырылып отырғандықтан, біз қатысушылардың ешқайсына шектеу қоғанымыз жоқ. Алғашында шамамен 120 –дай қатысушы болып қалар деп ойлағанбыз. Бірақ бүгінгі үміткерлер санын ескерек отырып, кубик текшесіне деген қызығушылық шәкірттерімізде ерекше екенін байқадық. Рубик  текшесін құрастыру –баланы жылдам шешім қабылдап, қысқа мерзімде ойлай білуге дағдыландырады. Ендігі меже – маусым айының басында мектебімізде халықаралық жарыс өткізу,- дейді жарысты ұйымдастырушы, Зияткерлік мектеп кураторы Альбина Мұсабекова.
Жарыс қорытындысы бойынша 4х4, пирамида, «Skewb», 2х2, 3х3 дисциплиналары бойынша қаламыздағы Экономикалық лицей оқушысы Әлихан Ертұрсын жеңімпаз атанса, пирамидада Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Әлішер Егінбаев 3-ші орынға ие болды.
Жеңімпаздарға мақтау қағаздары мен бағалы естелік сыйлықтар табысталды.

Ермек Исабаев,
Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы