Қылқаламға құмар Әлішер

Ғалымдар сурет салу адамның есте ұстауын  жақсартып қана қоймай, қабілетті арттыра түсуге көмектесетіндігін дәлелдеп шықты. Расында қылқаламға үйір болу адамға тыныштық сыйлап, жан мен тәннің демалуына, ой –қиялдың дамуына айрықша үлес қосады.  Дегенмен сурет салуды жанындай жақсы көретіндердің өз ойлары бар. Мәселен, Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің  9 сынып оқушысы Әлішер Рымханов «сурет салу – хоббиім» дейді. 3 жасынан сурет салуға бейімделе бастаған Әлішер көбінесе карандашпен салғанды ұнатады екен. Бұл ерекше қасиет атасынан дарыса керек.
Жуырда жас суретші Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті бейнелеу өнері және дизайн кафедрасының ұйымдастыруымен өткен аймақтық пән олимпиадасында жүлделі 2 –ші орынды жеңіп алды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін қылқалам шеберлерінің бәйгесіне мектебіміз тұңғыш рет қатысып отыр. Мектеп ұстазы Балдыкен Дүйсембаевтан дәріс алатын  Әлішер олимпиада бағдарламасының шартына сәйкес 4 сағат бойы сурет салған.
– Олимпиада кескіндеме, сурет, сызу сынды 3 түрлі секция бойынша өтіп, 30 мектептен 100-ге жуық бала қатыстық. Бұл менің ең үлкен сайысқа қатысуым. Мен бұған дейін  төменгі сыныпта оқып жүргенімде мектепішілік, облыстық сындарда бағымды сынағам. Бірақ дәл осындай үлкен жетістікке жете қойғаным жоқ. Болашағымды инженер мамандығымен байланыстырғым келеді. Оған сурет салудың еш кедергісі жоқ деп ойлаймын. Ойдағы жоспарым Семей қаласының әдемі келбетін салу, -дейді шәкіртіміз.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.