Мектеп түлегі – мақтанышымыз!

Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің абыройын мектеп оқушылары ғана емес, мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан түлектері де аспандатып жүр. Мәселен, алтын ұямыздың 2016 жылғы түлегі Алпамыс Майлыбаев өзі білім алатын             Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының базасында ТМД мемлекеттерінің  жоғары оқу орындары курсанттарының арасында математика пәнінен өткен IV Халықаралық олимпиадада екінші орынға қол жеткізіп, Қазақстан Қарулы күштерінің мәртебесін өсірді.
Халықаралық олимпиадаға 7 мемлекет атап айтқанда, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан Республикалары мен Ресей Федерациясының өкілдері қатысты.
ТМД мемлекеттерінің Қорғаныс министрлері кеңесінің төрағасы – РФ Қорғаныс министрі, армия генералы Сергей Шойгу мен ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзаковтың тікелей жетекшілігімен өткізілген олимпиаданың негізгі мақсаты әскери-оқу орындарының офицерлік құрамның сапалы дайындығына көңіл бөлу, әскери мамандарды сапалы түрде дайындау, кәсіби деңгейде ынталандыру, ғылыми және шығармашылық қабілеттерін қалыптастыру, оқытушы-профессорлар құрамының кәсіби деңгейін көтеру, дәріс берудің әдістемесін жетілдіру және де жоғары әскери оқу-орындары арасында сапалы бәскелестік құру болып табылады.
Өз елдеріндегі білім бәйгесінің жеңімпаздары ғана қатысқан сайыста   Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының намысын  мектебіміздің түлегі, бүгінде 2 курс курсанты Алпамыс Майлыбаев қорғады. Алпамыс бұл сынға тұңғыш рет қатысып тұрғанына қарамастан, жүлдегерлер қатарынан көріне білді. Сайыстың 3 кезеңнен тұрғанын айта кеткеніміз жөн.
Жалпы Алпамыс мектебіміздегі үлгілі оқушылардың бірі болған. Түрлі деңгейлердегі математика, физика пәндерінен өткен олимпиадаларға қатысып тұратын. Әскери отбасында дүниеге келіп, тәрбиеленген ол әкесі Ерланның жолын қуғанды жөн санаған. Дегенмен, есепке деген қызығушылығы қатал да қиын әскери өмірде еш кедергісін келтіре алмады. Нәтижесінде институтта көзге түсіп, сайыстағы жеңісі үшін оқу орны басшысы полковник Асқар Мұстабековтен алғыс естіді. Дәл осындай алғыс Алпамысты тәрбиелеген ата-анасы мен білім алған мектебіне де келіп жетті. Әскери институт ұжымы болашақта Алпамыстан антына адал, Қазақстан Армиясының абыройлы офицері шығарына сенімді.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі