“Екі есе қайырымдылық» атты әлеуметтік GIN жобасы

“Екі есе қайырымдылық» атты   әлеуметтік GIN жобасы алғашында  «Шәкәрім» және «Толағай» шаңырақтарының  8 мүшесінің ұйымдастыруымен басталған болатын. Осы  оқу жылы ішінде шаңырақ мүшелерінің қолдауымен  “4 лапы” паналау орнына көмек көрсету үшін  макулатура жиналды.
GIN  жобасына Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебімен бірге әлеуметтік серіктесіміз №3 орта мектеп те қатысты.  Аталған мектептен  жобаға қатысушылар бізбен үнемі байланыста болып, жануарларға  көмек  көрсетуде өз ойларымен бөліседі.  Жоба жұмысын жандандыруда мектеп оқушыларына  макулатура жинау үшін таратылған  үгіт-насихат парақшалары көп көмегін тигізді. Шаңырақтың әлеуметтік координаторлары жәрмеңке ұйымдастырып, жиналған қосымша қаражатқа  жануараларға дәрі-дәрмек пен тамақтар алды.  Осы жобаның аясында оқушылар көмек қолын созып, қайырымдылық жасау – қазіргі қоғамның басты құндылығы екенін тереңірек  түсінді.
Бұл жоба кез-келген істі ауызбіршілікте бірлесе жүзеге асыра отырып, дүниежүзіндегі жануарлардың әлеуметтік  мәселесін шешуге ой тастады.   Біріншіден, макулатура жинау орман ағаштарын кесуді азайтса, екіншіден  жануарларға азда болса көмек беру арқылы үкіметтік емес ұйымдарға  материалдық қолдау көрсетуге септігін тигізді.  Мектептегі  макулатура жинау жемісті аяқталып,  өз мақсатымызға жеттік деп ойлаймын.
Осы жоба аясында «Шәкәрім» және  «Толағай» шаңырақтарының мүшелері мен шетелдік педагог мистер Hrvoje және кураторлар  А.Сексенбаева, А.Оразбаевалар  “4 лапы” паналау орнына атбасын бұрдық.
Паналау орны өте алыс, жол қатынасы да  қиын. Көшелері тар, қаланың шетінде, екі бөлмелі шағын үйде орналасқан. Қажетті құрал-жабдықтар мүлдем жоқ. Бұнда 60 -қа жуық ит мен мысық паналапты. Үйдің бір бөлмесінде тамақ әзірленсе, екінші бөлмесінде арнайы торларда ауырып-сырқаған, жаралы ит-мысықтар орналасқан. Паналу орны тек демеуші қайырымды еріктілердің көмегінің арқасында ғана жұмыс жасап тұр.  Орналасқан жерлері өте тар. Жасыратыны жоқ, кейбір жерлестеріміздің оларға деген көзқарасы дұрыс емес. Қатыгездік танытатындары да жоқ емес. Дегенмен, жанымызда жақсы адамдардың да жүргенін ұмытпалық.  Солардың бірі – ата-ана Сәуле Әскербекқызы Қажыбаева. Ол еріктілерге  макулатураны жинап өткізуге жәрдемдесті. Жануарларды қорғау жаһандық  масштабтағы  мәселе екені белгілі.  Сондықтан алдағы уақытта  ынтымақтастық танытып көмек қолын созатын демеушілер болса, өз қатарымызға қуана қосамыз.

Дана Ахмерова,
«Шәкәрім»  шаңырағы
Алтынай  Сыдықова,
«Толағай» шаңырағы