«Халықаралық мәдениет күні» атаусыз қалмады

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бір сөзінде: «Қазақстандық мәдениет жаһандық мәдени мұраның ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Ол әлемдегі түрлі халықтардың мәдени құндылықтарын қабылдау жүйесінде нақты танылып, қазіргі заманғы өнер түрлеріне – музыка, театр, кино, әдебиет, сурет өнері, т.б. қатысты» – деген болатын.
Ұлт Көшбасшысының осы сөздерін арқау ете отырып, құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында жуырда Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі мен «Лингво Таун» тіл мектебі арасында кезекті серіктестік кездесу өтті. Кездесу «Халықаралық мәдениет» күніне арналды. 11-ші сынып еріктілері  мектебімізге келген серіктестерімізді құшақ жая қарсы алып, талқыға түсер ортақ тақырыпты ашу үшін әр ұлттың көңілді флешмобын биледі. Осыдан кейін оқушыларды Корея, Грузия, Украина, Испания мемлекеттерінің тулары бойынша төрт топқа бөлініп, шығармашылық жұмысқа жұмылдырылды. Әр топ осы мемлекеттердің мәдениетін сахналық қойылым арқылы көрсету керектігі міндеттелді.     Сонымен қатар, әр оқушыға жеке көмекші ретінде сөздерді ағылшын тілінен орыс тіліне аударылған сөздіктер берілді.
Әр ұлттың мәдениетін салт-дәстүрлерін дәріптеу арқылы оқушылар сол халықтың  бет-бейнесін, рухани бол­мысын, ақыл-ойын, парасаттылығын көрсете алды. Шығармашылық жұмыс арқылы ерікті – оқушылар Лингво Таун оқушыларының ағылшын тіліндегі сөздік қорына көптеген жаңа сөздер қосып, үйретті.
Еріктілердің пікірінше, бүгінгі таңда ағылшын тілінен білім сапасын арттыруда дайын білімді меңгеріп қана қоймай,  шығармашылық бағытта жұмыс істейтін, өз бетінше білім алу дағдылары дамыған, ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру маңызды болып табылады. Сонымен қатар олар қонақ мектеп оқушыларына ағылшын тіліне үйрету барысында көшбасшылық, жүргізушілік қабілеттерінің артқандығын айтты.            Ал, Лингво Таун оқушыларының рефлексиялық қорытындысы бойынша 90 пайыз оқушылар өздеріне деген сенімділіктерін, білімділік және көшбасшылық қасиеттерін арттырғылары келетіндігін айтты. Мәселен, Әйгерім, Тоғжан,Әлішер, Назгүл, Рауан, Никита өз сөздерінде зияткерлік мектеп оқушыларымен бірлесе жұмыс жасағалы көшбасшылыққа, алға қойған мақсатқа жете білуге, креативті болуға мүмкіндіктерінің артқандығын, сонымен бірге, ағылшын тіліндегі сөздік қорларының молайып келе жатқандықтарын  қуанышпен жеткізді.
Сөз соңында айтарымыз – Елбасымыздың жалпыға міндет етіп қойған бәсекеге қабілетті мемлекет құруда жас ұрпақтың тигізер үлесі зор десек, бүгінгі таңда шет тілін жоғары деңгейде оқыту басты орында тұр.

Н.Сұлтаев,
К.Найманова,
Н.Орынбекова,
К.Садирова,
«Лингво Таун» мектебінің координаторлары