«Төрлет, Ұлыстың Ұлы күні!»

Наурыз- молшылық пен ырыстың мерекесі. Самарқанның көктасы жібитін осынау мереке қарсаңында Назарбаев зияткерлік мектебінің “Тарбағатай ” және “Алтай” шаңырақтарының оқушылары Семей қаласындағы «№8 жанұялық үлгідегі балалар үйіне» КММ игі іс жасау мақсатында, балалардың көңіл күйін көтеруге бардық. Менің ойымша, Әз-Наурыз қарсаңында жоспарланған бұл шараның мақсаты толығымен орындалды.
Біріншіден, осы атаулы шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз тәрбиеленушілердің көңіл-күйін көтеріп, ерекше әсер қалдыру болатын. Себебі, балаларға сол жылулық пен ерекше шаттық әрқашанда қажет екендігі айдан анық. Біз осынау шарада әсем әніміз, сырлы күйіміз бен мың бұралған бишілеріміздің биін ортаға салдық. Оны көрген балалар ерекше қошемет білдіріп, жылы лебіздерін жеткізіп жатты.
Екіншіден, Наурыз біздің төл тарихымызда ойып тұрып орын алатын ұлық мереке. Сондықтан да, біздің оқушыларымыздың көздегені қазақ халқының салт-дәстүрі мен ойындарын насихаттап, тарату. Мысалы, “Асық”, “Бес тас”, “Арқан тартыс” сияқты ұлттық ойындарды көрсетіп, қосылып бірге ойнау арқылы ұлттық ойындардың дамуына үлесімізді қоссақ, “Қаражорға” биін барлығына билету арқылы би арқылы үндестік таптық. Көнеден келе жатқан “Аластау”, “Шашу” сияқты ырымдарды көрсету арқылы көшпелі қазақ халқының тарихына терең бойладық.  Үшіншіден, Наурыз молшылықтың мерекесі деп жоғарыда атап өткенімдей, оқушыларға Наурыздың басты нышаны жеті дәмнен тұратын Наурыз көжемізді ұсындық. Бұл тұста, шаңырақ ата-аналарының қолдарынан келгенше көмек көрсеткені ерекше қуантады. Көбінесе орыс ұлтының балалары жиналған дастарханда, шаңырақ оқушылары ерекше тағамдарды ұсынып, оларды таныстырып жатты. Наурыз көженің пайдасы мен құрамы, қымыздың қаншалықты құнарлы сусын екендігін, ірімшіктің қалай жасалатындығы туралы ақпарат бердік. Балалардың кейбірі тағам түрлерімен енді танысып жатқандығын жасырмады. Бұл да бір ерекше сәттердің бірі болды.
Қорытындылай келе, біздің осы бір күндік шарамыз ұмытылмастай өтті. Бүлдіршіндердің шат-шадыман күлкілері бізді ерекше бір сезімге бөледі. Біз осынау тамаша мейрамды бүлдіршіндермен өткізгенімізге өте қуаныштымыз.

Ақбота Асқарбекқызы,
«Тарбағатай» шаңырағының мүшесі  
 11 «К» сыныбы