АЯГӨЗДЕГІ АПАТҚА ҰСТАЗДАР ЖЫЛУ ЖИНАДЫ

Өткен аптада облысымызға қарасты Аягөз ауданында болған табиғат апаты ел тұрғындарын елең еткізді. Айтып келмейтін апат салдары қалалықтарды айтарлықтай әбігерге салды. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Дегенмен, қолындағы барынан айрылып, көңілі құлазып отырған ағайынға жәрдем беріп, жұбатуға ұмтылған жанашыр жандар алғашқы күні –ақ табылды. Солардың қатарында Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы да бар. Мектеп кураторы Кристина Садированың бастамасымен басына іс түскен жерлестерімізге материалдық көмек беруге ниеттенген білім ошағының ұстаздар қауымы қолдарынан келгенше көмектесті.
– Тосыннан болған табиғат апатын алдын –ала болжап білу мүмкін емес. Күн райының күрт құбылып, тоқтаусыз жауған жауын –шашын салдары Аягөз қаласындағы төтенше жағдайға алып келді. Баспанасы қирап, жиған –тергендері суға кеткен ағайынның халін бір кісідей түсінеміз. Суыт хабарды естіп, қол қусырып қарап отыру   адамшылыққа жатпайтындығын ескере келіп, ұжымдағы әріптестеріме Аягөздіктерге материалдық көмек беруге ұсыныс жасадым. Ұстаздар еш қарсылықсыз әрі өз еріктерімен қолдау білдірді. Нәтижесінде мектеп қызметкерлері бірі ақшалай енді біреулері киім-кешек, керек –жарақтар тапсырумен айтарлықтай жылу жинадық, – дейді Кристина Левоновна.
Азғана уақыттың ішінде мектеп ұжымы жинаған ақшаның бір бөлігі тиісті есепшотқа аударылса, бір бөлігіне күнделікті тұтынар азық – түлік сатып алынды. Атап айтқанда, сүт, алма, күнбағыс майы, 3 түрлі макарон өнімдері, шаруашылық –тұрмыстық шам, қарақұмық, арпа ботқасы, бұқтырылған қой, сиыр еттері, күріш, қант, кеспе, 3 түрлі тәтті – тағамдар жіберілді. Бұның сыртында 4 үлкен қорап толы үлкендер мен балаларға арналған сырт киім, аяқ киім, жейде, шалбар, жылы жамылғылар да жолданды. Бір атап өтерлігі – зияткерлік мектеп ұстаздарының асарына кейбір ата-аналарда атсалысты.
«Қуанышты бөліссең еселеніп, қайғыны бөліссең жеңілдейтінін» ескерген білім ошағы Аягөздіктермен бірге екендіктерін көрсете білді.

Семей қаласындағы физика – математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.