Тенгиз Ибраев – Абу –Дабидегі Нью-Йорк университетінің студенті атанды

   Тенгиз Ибраев – Семей қаласындағы физика –математикалық бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мақтаулы оқушыларының бірі. Республикалық, халықаралық пән олимпиадаларының бірнеше мәрте жеңімпазы әрі жүлдегері атанып жүрген ол мектепті аяқтасымен  Абу –Даби қаласындағы Нью-Йорк университетінің студенті атанбақ.
Тенгиз бұл құрметке өз білімінің арқасында жеткен. Өткен жылдың желтоқсан айында тиісті құжаттарын онлайн арқылы өткізген шәкіртіміз белді оқу орнының шақыртуымен 4 күнге Абу–Даби қаласына барып қайтты.
– «Common Application» порталына  жіберген құжаттарымның ішінде оқу үлгерімім, жетістіктерім, жазған эссем бар болатын. Абу-Дабиге барған сапарымда  менен әрқайсы 15 минуттық екі сұхбат жазып алды. Сұхбаттың алғашқысын аталған оқу орнының профессоры, екіншісін бірнеше адамнан құралған комиссия мүшелері жүргізді. Олар жеке өзіме, қызығушылығыма қатысты сұрақтар қойды. Шамасы менің берген жауаптарым қанағаттандырса керек, араға көп уақыт салмай маған Абу-Даби қаласындағы Нью-Йорк университетінің студенті атана аласыз деген соңғы жауап келді. Мен бұл мүмкіндікті оң қабылдап, жоғары білімімді сол оқу орнымен байланыстырғым келді, -дейді оқушымыз.
Дегенмен, мектепті биыл аяқтағалы отырған талантты шәкірт өз алдында қос бірдей таңдау тұрғанын жасырмады. Өзге қатарластары сынды «Қай оқу орнына барамын?»- деген сауал туғанда дәл осы универистетпен қатар Кореялық «UNIST» университетіне көңілі ауса керек. Бірақ әлемдік жоғары оқу орындары арасындағы рейтингте 28 орынға тұрақтаған Нью-Йорк университетіне басымдық беріпті.
Нью-Йорк университетінің Абу-Дабидегі кампусы 2010 жылы ашылған. Жалпы аталған оқу орнының бөлімшелері әлемнің әр қиырында бар. Тағы бір ерекшелігі – оқуға түскен студент 4 жылдық өз оқуын осы бөлімшелерде таңдауына қарай жалғастыра алады. Араб тілін үйреніп, ғылыми деңгейде білім алуды жоспарлап отырған Тенгиз болашақта физика және компьютерлік технология саласына тың жаңалықтар енгізуді көздейді.

Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі