Әріптесіміз Еуропаны мойындатты

Алған біліміне тоқмейілсімей, үнемі ізденіс үстінде жүретін ұстаздардың бірі – Асхат Жұмабеков. Жуырда ол тағы бір халықаралық сында бағын сынап, жеңімпаз атанды. Мектебіміздегі физика пәні мұғалімдері әдістемелік бірлестігінің жекешісі Еуропалық білім беру саласындағы зерттеулер қауымдастығының болашақ (PhD) ғылым докторлары үшін ұйымдастырған сайыста жақсы жағынан көрінді. Зерттеушілер арасындағы байланысты нығайтып, докторлық диссертацияларға қолдау білдіруді, әлемнің мықты ғалымдары мен сарапшылары тартылған түрлі зерттеу жұмыстарындағы жобаларды үйренуді басты мақсаты етіп алған сайысқа әріптесіміз соңғы 5 ай бойы қатысып келді.
Жалпы Асхат аталмыш сайысқа қатысу үшін өткен жылдың күзінде өтініш білдірген. Сайыс шарты бойынша әрбір үміткер өзі жайлы толық мәлімет беруден бөлек, түрлі тесттерді тапсырып, өз профессорының ұсынысы керек.   Осы кезеңдердегі барлық қиындықтарды жеңген Асхат аз күш жұмсаған жоқ. Білім саласы бойынша өткен жылы  PhD докторанты атанған физика пәнінің мұғалімі іріктеу қорытындысы бойынша Чехияның Массарик университетінде “Qualitative and Mixed Methods Research Designs: From designing to publishing” тақырыбында өтетін жазғы мектепте тегін білім алатын болды.
– Дәл осындай салмақты сайыста жеңімпаз атанғаныма өте қуаныштымын. Салмақты сайыс деп отырғаным – оған қатысуға Кембридж, Оксфорд, Мадрид, Гамбург, Глазго университтерінен бөлек  Лондондағы ғылым мектебі сынды Еуропаның белді оқу орындарының өкілдері өтініш білдірген.  Дегенмен еліміздегі бірнеше Назарбаев Зияткерлік мектептерінде сондай –ақ  Финляндия мектептерінде қолға алған зерттеу жұмыстарымның маңызы зор екенін дәлелдей білдім. Осы ретте ерекше қолдау білдірген  профессор Йоуни мырзаға ерекше алғысымды айтқым келеді. Ғылым докторлары мен жас ғалымдарға арналған жазғы мектеп үстіміздегі жылдың 9 – 15 шілде аралығында өткізіледі, – дейді әріптесіміз.
Еуропалық білім беру саласындағы зерттеулер қауымдастығының жұмысы кәрі құрлықтағы білім беру саласында еңбек етуші ғалымдармен әріптестікке бағытталған.

Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі