Батыр Кубогын жеңіп алды

Семей қаласындағы физика –математика бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің құрама командасы   Ауған соғысының ардагері, Халық Қаһарманы,  генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев Кубогі үшін қала мектептері оқушыларының арасында өткен әскери-спорттық жарыста 1 орынды жеңіп алды.
Жарыс талабы бойынша команда мүшелері пневматикалық мылтықтан ату, автоматты жартылай бұзып-жинау және автомат оқжатарын оқпен жарақтаулары керек. Шаһарымыздағы Жастар мен балалардың шығармашылық сарайында ұйымдастырылған әскери бәсекеде мектеп намысын 11 сынып оқушылары  Нұрбол Абдыханов, Нұржан Бөдес, Айдын Ережепбаев, Нұржанат Нұрымқызы қорғады.
Халық қаһарманы Кубогі жолындағы жарысқа 7 команда қатысты. Жекелей сында ұлдар арасында мылтық атудан 1, 2, 3 орындарды  біздің мектеп оқушылары өзара бөлісті. Осылайша, Айдын Ережепбаев, Нұрбол Абдыханов және Нұржан Бөдес «құралайды көзге атар» мергендіктерімен көзге түссе, қыздар арасындағы осы сында  Нұржанат Нұрымқызы өз құрбыларынан озып шығып,  қазақтың батыр қызы Әлияның ізбасары екенін дәлелдеді.  Нұржанат пен Нұржан автоматты жартылай бұзып-жинау сайысында 1 –ші және 3 –ші орынды иеленді.
Ал автомат оқжатарын оқпен жарақтауда Нұрбол мен Айдын 1 – 2 орындарды бөліссе, Нұржанат тағы да жеңімпаз атанды.

Қуаныш Мұхамадиев,
Семей қаласындағы ФМБ НЗМ АӘД пәнінің мұғалімі