«Мейірімді жүрек» акциясы

Ағымдағы жылдың 12 – ші ақпаны күні мектебіміздегі «Самұрық», «Қалбатау» шаңырақтары мен «Global issues network» клубының мүшелері  қаламыздағы зейнеткерлерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығына барып, қамкөңіл қарияларымыздың көңілін аулап қайтты. Шәкірттеріміз бұл жолғы сапарында құр қол бармай, ата-әжелеріне арнап тәтті тағамдар мен жеміс –жидекке толы фуршет ұйымдастырды.  Балалардың сый – құрметіне тәнті болған аға буын өкілдері еркін әңгімелесіп, алдағы кездесулер жайлы кеңінен талқылады. Қариялар тіптен өздерінің бос уақыттарында немен айналысатындықтарын айтып берді. Бізді таңғалдырғаны ата-әжелеріміздің  бірі ән салып, би билеп өнерге бейім болса, енді бірі іс тігумен, тағы біреулері шахматты жақсы ойнатындары болды.
Үлкенге құрмет көрсете білген елдің ұрпағы саналатын біздер үшін ата-әжелердің ұлағатқа толы салиқалы әңгімелері мен өсиеттерінің өзі өмірлік азығымызға айналғандай әсер қалдырды.
– Зияткерлік мектеп оқушыларының бізге жиі атбасын бұрып келуі бізді ерекше қуанышқа бөлейді. Олар өздері жай ғана келіп қойған жоқ, оснымен бірге біз үшін үлкен мереке, мейрам ала келгендей. Біз осыған аналық, аталық ризашылығымызды білдіреміз. Тәуелсіз елімізде дәл осы балаларымыз бен немерелеріміздің шат күлкісі мен жадыраңқы жүздерін көру біз үшін үлкен бақыт. Бізді ұмытпай, елеп-ескеріп, халімізді білуге келгендеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ, -дейді  Людмила Пантелеевна Онохова.
Осы сапар аясында мектебіміздегі «Help for elderly people» әлеуметтік жобасының үйлестірушілері мен орталық жетекшісі Меруерт Назарқызымен болашақта бірге атқарар шаруалар жайы пысықталып, ортақ меморандумға қол қою жайы сөз болды.  Бүгінде аталған орталық мыңнан аса адамға материалдық, моральдық қызмет көрсетеді. Солардың арасында жалғызбасты қариялар да бар. Орталық басшысымен кездесу соңында оқушылар көмекті демеушілер табу арқылы беруді жөн деген ортақ шешімге келді. Егер өмірдің тек көлеңке жақтардан ғана тұрмайтынын ескерсек, жүрегі жұмсақ, пейілі кең, жомарт жандар біздің осы идеямыздан қалыс қалмайды деген ойдамыз. Өйткені, қарты бар үйдің қазынасы бар деп, атамыз қазақ бекер айтпаса керек.

«Қалбатау», «Самұрық» шаңырақтары