«Менің қазағым-менің мақтанышым!» атты ұлттық дәстүрлермен алмасу ойын-сауық кеші.

Қаңтар айында Массачусетс Технологиялық Университетінің 2 және 4 курс студенттері – Лили Бэйли мен Дункан Уиллер біздің мектебімізде өз зерттеу жұмыстарын жетілдіру мақсатында тәжірибеден өткен болатын. Осыған сәйкес 30-шы қаңтар күні шетелдік студенттерге қазақ халқының салт-дәстүрлері арқылы Қазақстанға сүйіспеншіліктерін ояту мақсатымен “Менің қазағым-менің мақтанышым”  ойын-сауық кеші өткізілді. Мектебіміздің педагог-ұйымдастырушы кураторлары Н.Сұлтаева, Н.Орынбекова, К.Садирова және өзін өзі тану пәнінің ұстазы К.Наймановалардың ұйымдастыруымен өткен кеш арқылы НЗМ оқушыларының Отанға деген сүйіспеншіліктерін арттыру да көзделген болатын.
Қатысушылардың ұлттық киім киіп жүруі осы кештің ажарын аша түскендей. Ойын барысында 2 топ құрылып, Дункан мен Лилиге 4 сұрақтан қойылды. Екі топқа «Бестас», «Асық», «Таяқ тартыс» секілді ойын түрлерін қалай ойнау керектігі жайлы бейне көрініс көрсетілгеннен кейін ойыншылар осы  ойындарды ойнап көрді. Қыздардан құралған топ Лилиге жас қалыңдықтың сәукелесін кигізіп, «Қыз ұзату» дәстүрімен таныстырды.
Осы ойындар арқылы шет елдік студенттер халқымыздың салт-дәстүрге өте бай екендігіне көз жеткізді. Өз ұрпақтарына ғасырдан ғасырға ұлттық қасиетін салт-дәстүрмен, өнегені  әдет-ғұрыппен, үлгіні жөн-жосықпен, әдепті ырым, тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл, инабатты қыз өсіргенін Лили мен Дункан өз көздерімен көрді.
Кеш соңына қарай жүргізушілер қазақтың өзге ұлттан тағы бір ерекшелігі   қонақжайлылығы  екенін айта келе, сыйлы қонақтарды  ақ дастарханға шақырды. Дастархан үстінде оқушылар құрт, талқан, бауырсақ, қазы-қарта секілді ұлттық ас мәзірлерінің неден жасалатынын қонақтарға ағылшын тілінде түсіндірді. Кешімізге қазылық еткен Бауыржан Серікұлы киелі домбырасымен Н. Тілендиев атамыздың “Аққу” күйін орындап берді. Қазақ салты бойынша келген қонақты үйден құр қол қайтармайтынын айта келіп,  Лили мен Дунканға мектеп оқушыларының қолынан шыққан өнер бұйымдарын тарту етті. Лили біздің оларды барынша сыйлап құрметтегенімізді қатты бағалайтынын, бізді ешқашан ұмытпайтынын айтты. Бұл кеш біздің оқушылар үшін де, қонақтар үшін де өте қызықты өтті деп санаймын.

Сәнім Нұрлыбекқызы, 11 «В» сынып оқушысы