Жақсылық жасай білейік!

Бізді қоршаған адамдарға қарайласып, олардың мұқтаж дүниелеріне қол жеткізуіне мүмкіндік жасау ізгі қасиеттердің бірі. «Кең болсаң, кем болмайсың», -деген дана халқымыздың өсиетті сөзі жадымызда мәңгілік жаңғырып тұрады.
ҚР Тәуелсіздігінің 26 жылдығы қарсаңында Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары шаһарымыздағы № 8 балалар үйіне арнайы сапарлап қайтты. Жалпы біздің білім ошағы аталған балалар үйімен соңғы 4 жылдан бері бірлесіп, қоян –қолтық жұмыс жасап келеді.
Ұлы мереке қарсаңындағы сапарымызда балалар үйі бізді әр кездегідей жылы қарсы алып, 16 Желтоқсан Тәуелсіздік күніне арналған өздерінің концерттерін тарту етті. Концерт  жарыс түрінде өткізілді. Балалар би, ән, графикалық сурет, домбыра, мәнерлеп оқу бойынша өнерлерін көрсетті.       Бір байқағаным, тәрбиеленушілердің  көпшілігі өзге  ұлт өкілдері болса да, мемлекеттік тілде еркін сөйлейді. Тіптен “Мен қазақпын” деп әнде салады. Барлығы бір кісідей тік тұрып, Әнұранымызды орындаған кезде тұла бойым шымырлап, мақтаныш сезімі оянғанын жасыру мүмкін емес еді. Міне, осыдан –ақ балалар үйінде тұрып, білім алсада олардың әрқайсынан нағыз патриот шығарына сенуге болады.
Маған тағы бір ерекше әсер қалдырғаны  балалардың ұлттық аспабымыз домбыраны оңай меңгеріп, жоғарғы деңгейде ойнауы. Бір сөзбен айтқанда, балалар үйінде көптеген талантты балалар бар, өкінішке орай олардың әлеуметтік жағдайы төмен. Сол үшін  балалар үйінің тәрбиеленушілеріне  қол үшін беру, көмек көрсету парыз.
Ал біздің мектепте өткізілетін қайырымдылық акциялары оқушылар бойына қайырымдылық, адамгершілік сынды жақсы адами құндылықтарды қалыптастырады. Мәселен, осы жолғы сапарымызда «Алтай» шаңырағының мүшелері «Көмек беру оңай» акциясында жинаған заттарын сыйлық ретінде балаларға табыс еттік.  Осы арқылы акцияға қатысушылар өздерінің белсенділігімен мектептің қоғамдық өміріне қатысып, түрлі мәселелерге бей – жай қарамайтындығын көрсетеді.
Болашақта қайырымдылық акциялары көп болып, белсенді түрде жарнамаланғаны дұрыс деп есептейміз, сонда оған қатысатын адамдар саны да арта түсер еді.

 Азиза Нәдірбекова 11 «Е» сыныбы, «Алтай»  шаңырағының координаторы