Креативті шырша ұстаздар қолымен

Бүгінінен ертеңіне көбірек үміт артып, болашақтан жақсылық қана күтетін кез –келген адам баласы үшін жаңа жылдың орны ерекше. Жасамыс адамның өзі бала күнін еске алып, қиялына ерік беріп, аңыз кейіпкеріне айналған Аяз ата мен Ақша қарға сенеді. Өтпелі жылды шығарып, келер жылды қарсы алу үшін жасыл шырша орнатып, түрлі түсті әшекейлермен үйімізді, жұмыс орнымызды әсемдеуге кірісеміз.
Қазақ жеті қазынаның біріне балаған ит жылын қарсы алар тұста мектебіміздегі әдістемелік бірлестіктер, кураторлар, жатақхана тәрбиешілері арасында ерекше сайыс өтті. Сайыс шарты бойынша әр бірлестік өз шығармашылықтарын дамыта отырып, оқу ғимаратының әр бұрышын жаңа жылдық кейіпте безендіруі қажет. Сайыс жариялана салысымен әр бірлестік ұстаздары жұмыла іске кірісіп, бар өнерлерін ортаға салды. Сайыстың негізгі мақсаты да осы еді. Ортақ мақсатта жұмылдыра отырып, әріптестер арасындағы байланысты нығайту сол арқылы жаңа жылдық көңіл –күй сыйлау. Креативті шырша мен жаңа жылдық бұрышты орнатуға дейінгі дайындық, жұмыс барысын қосқанда сайыстың өзі үш кезеңнен тұрды. Түрлі идеяның тоқайласқан жері нәтижелі еңбектің көрінісіне айналды. Мектебіміздің әр бұрышынан орын тепкен жаңа жылдық көріністер оқушылар мен ұжым мүшелерінің таңданыс тудырып, естелік суретке түсетін орындарға айналды. Бір атап өтерлігі – ұстаздар қолынан шыққан жаңа жылдық туындыларды оқушылар бағалап, жүлделі орындарды да солар үлестірді.
Ал марапаттау салтанаты мектебіміздің акт залында өтіп, жүлдегерлерді мектеп әкімшілігі атынан директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лариса Абылқасымова құттықтады. Мектеп оқушылары шешімі бойынша бас жүлдені жатақхана тәрбиешілері қолынан шыққан жаңа жылдық креативті шырша бұрышы жеңіп алды. Екінші орынға ағылшын пәні әдістемелік бірлестігі, 3 –ші орынға химия пәні әдістемелік бірлестігі ұстаздарының еңбегі лайық деп танылды. Жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан мақтау қағаздары мен тәтті тортпен марапатталды.

Психологиялық қызмет