ЖАҢА ЖЫЛДЫ ЖАҢА ОРТАДА ҚАРСЫ АЛМАҚ

Мектебіміздің 7 сынып оқушылары өздерінің зияткерлік білім ошағындағы алғашқы жаңа жылын қарсы алғалы отыр. Жүзден жүйрік шығып, өз қатарластарынан оза шауып білім деңгейлерінің арқасында мектебімізге қабылданған дарынды шәкірттеріміз жаңа жылдың қарсаңында «Newyearmix» атты мерекелік бағдарлама ұйымдастырды. Мектебіміздің акт залында өткен шараға оқушылардың ата-аналары шақырылып, балаларының жарты жылда алған білімі мен тәлім-тәрбиелерінің қай деңгейде екендігін көзбен көрді.
Бағдарламаның басты ерекшелігі – оқушылар жаңа жылдық бұл кешті Тәуелсіздік күнімен ұштастыра өткізді.
Қазақтың бас ақыны Хакім Абайдың «Көзімнің қарасы» әнімен бағдарлама шымылдығын ашқан оқушылар хоры «Атамекен» әнімен жалғап, залға жиналған ата-аналары мен ұстаздарының жүрегін бірден жаулап алды.
Мектеп ұжымы атынан директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лариса Абылқасымова сөз алып, оқушылардың аз уақыт ішінде біраз білімді меңгергендерін, сонымен қоса домбыра тартып, ән айтуға дағдыланғандарын атап өтті.
– Құрметті ата-аналар! Бізде білім алып жатқан әр баланың дарыны, таланты бар. Оқу жылы маусымының алғашқы жарты жылдығы ғана аяқталғанына қарамастан балаларыңыз өнердің бірнеше түрімен сусындап үлгерді. Жасыратыны жоқ бұл оқушыларымыздың арасында ән салып, қолына домбыра ұстап көрмегендері бар. Айналасы 4 айдың ішінде шәкірттерімізді ән айтуға, домбыра тартуға, би билеуге де үйреттік. Бүгінгі концерттік бағдарлама біздегі ұстаздар қауымының 4 айлық еңбегінің жемісі деп біліңіздер. Сіздерді ел көлемінде атап өткен Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығымен құттықтай отырып, алдағы жаңа жылда жаңа табыстарға, жаңа белестерге қол жеткізіңіздер деген тілек айтқым келеді. Оқушыларымыз қажымай –талмай білім алып, сіздір мен біздердің үмітті ақтай берсін, -деді Лариса Оралбайқызы өз құттықтауында.
Шынымен де концерттік бағдарлама көрген кез-келген адам зияткерлік мектеп ұстаздарының еткен еңбектерінің еш кетпегенін анық көре алады. Мәселен, оқушылар сахнада қос ішекті домбыраның құлақ күйін келтіре Құрманғазының «Балбырауынын» орындағанда қол соқпаған жан қалмады.
Іні –қарындастарының жаңа жылдық кешіне жоғары сынып оқушылары да атсалысып, өз шашуларын тарту етті. Әлия Хамитова жетекшілік ететін «Кәусар» би тобы «Тұран», «Толғау» билерін орындады. Мектебімізде вокальды –аспапты ансамбльдің бар екенін екінің бірі жақсы біледі. Ансамбль құрамына ішекті, ұрмалы аспапта еркін ойнай алатын шәкірттеріміз топтасқан. Міне сондай талантты өнер иелері бүгінгі кештің ажарын ашып, қазақ және ағылшын тілдерінде ән шырқады.
Концерттік бағдарламаның ең әсерлі тұсы – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының басты кейіпкері Қайрат Рысқұлбеков өмірінен сыр шерткен театрландырылған көрініс болды. Халық қаһарманының балалық шағынан бастап ғұмырының соңғы минутына дейінгі сәттерін боямасыз сахналаған оқушылар өнері ата-ана, ұстаздар қауымының көзіне жас үйірді.
– Ұлым Арсен осы мектепке қабылданғанында жүрегім жарылардай қуанып едім, енді міне жаңа орта, жаңа достарының арасында алғашқы концертке қатысып, қос мерекемен құттықтап жатқанына тағы да қуанып отырмын. Концерт жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Балаларымыз аз уақыттың ішінде білім алудан бөлек, ұлттық өнерімізді үйрене бастады. Бұл да біз үшін жаңалық. Қайрат Рысқұлбеков өмірінің соңғы минуттарындағы аянышты сәттерді сомдағанда, шыны керек, бір жылап алдым. Ұстаздардың аз уақыт ішіндегі еңбектерін бас бармақпен бағалауға болады. Әсіресе, кураторымыз Динара Тахирқызына ерекше алғыс айтқым келеді, – дейді Айжан Қамажанова есімді ата-ана.
– Біздің де балаларымыз осы мектепте білім алып жатқанына қуаныштымыз. Бізге бұл мектептің оқыту, тәрбие берудегі әдіс –тәсілдері қатты ұнайды. Оқушы мен мұғалім, мұғалім мен ата-ана арасында тығыз байланыс бар. Сынып жетекшілеріміз қашан хабарласпасақ көңіл бөліп, бізбен сөйлесуге уақыт табады. Балалар бір-біріне енді бауыр басып, үйрене бастағандарына қарамастан бүгінгі концертте ауызбіршілік танытты. Бұл ең басты жетістік деп білеміз. Сондықтан осы сәтті пайдала отырып, кураторларымыз Динара Фольмер, Гүлнұр Жакееваларға аналық алғысымызды білдіреміз, -дейді Толқын Мұздыбаева, Эльмира Мұхаметқалиева сынды ата-аналар.
Көрерменін бір жылатып, бір қуантқан концерттік бағдарлама соңында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары алғашқы жарты жылдықта жақсы көрсеткішпен көзгше түсіп, түрлі пән олимпиадалары мен спорттық – интеллектуалдық сайыстарда жеңімпаз, жүлдегер атанған жас өрендерді марапаттады.
«Newyearmix» шарасы мерекеге арнайы дайындалған фуршетпен жалғасып, соңы би кешімен тәмамдалды.

Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев зияткерлі мектебінің баспасөз қызметі.