Желілік жарыста жеңіске жетті

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары тоғызқұмалақтан жүлдегерлер қатарынан көрінді. Осымен 5- ші мәрте ұйымдастырылған онлайн желілік спартакиада PlayOk платформасында өтті. Жасерекшеліктеріне байланысты төменгі, орта, жоғары топтарға бөлінген спортшылар үш күн бойы шын мықтыны анықтау үшін сынға түсті.


– Дәстүрлі жарысқа жылдағыдай жақсы дайындықпен келдік. Мектеп оқушылары арасынан мықтылар іріктеліп, команда жасақталды. Командаға таңдап алған шәкірттеріміздің әрқайсы төл ойынымызды жақсы меңгерген. Тіптен түрлі деңгейдегі жетістіктерге жеткендер. Сенім ақталып, орта және жоғары топта жақсы нәтижеге қол жеткізе алдық, -дейді команданың жетекшісі әрі денешынықтықтыру пәнінің мұғалімі Рауан Тәттібекұлы.


Спартакиада қорытындысы бойынша 8 сынып оқушылары Еркебұлан Досан мен Малика Асемханова орта топта І орынға ие болып қана қоймай, командалық есепте де алдыңғы орынға шықты. Ал, 11 сынып оқушысы Айым Әкімбергенова жоғары топта ІІІ орынға табан тіреді.