Зияткерлік сайыс байланысымызды нығайтты.

Қараша айының соңғы күндерінің бірінде Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары мен шаһарымыздағы «Есту қабілеті бұзылған (естімейтін) балаларға арналған мектеп-интернат» оқушылары арасында «Жүректен жүрекке» атты әлеуметтік жоба аясында ынтымақтастыққа бағытталған «Жеңіске бір сәт» атты зияткерлік сайыс өткізілді. Қос білім ошағы тәрбиеленушілерінің бас қосуына «Жидебай», «Ертіс» шаңырақтарының координаторлары Н.Сұлтаева мен Н. Орынбекова себепкер болып, ұйымдастырды.
Бұл кездесу оқушылардың көшбасшылық қабілетін дамытуға, азаматтық жауапкершілікті шынайы қайырымды істер арқылы анықтауға көмектесіп, әр жас ұрпақ өзін қоғамның бір бөлігі ретінде басқа адамның тағдырына бей –жай қарамау керек екендігін басты мақсаты етіп алды.
11 «А», 11 «В», 8 «А», 8 «L» сыныбының оқушылары мектеп –интернаттан келген құрдастарын қуана қарсы алып, мектебімізді аралатып, таныстырды. Флешмоб билеп, «Жеңіске бір сәт» атты зияткерлік сайысын өткізді.
Оқушылар мозайка арқылы төрт командаға бөлініп, «Осылай үрлейміз», «Супервешалка», «Хеопс пирамидасы», «Піл қадамы» атты сайыстарда бақ сынасты.
Бұл зияткерлік сайыс оқушыларға өте қызықты болды. Сайыстың шарты бойынша әр команда берілген тапсырмаларды 60 секунд ішінде құрастырып үлгерулері керек.
Сайыстың қорытындысы бойынша командаларға І,ІІ,ІІІ орындар беріліп, қатысушыларға естелікке қойын дәптерлер табысталды.
Мектебімізге қонаққа келген Семей қаласының «Есту қабілеті бұзылған (естімейтін) балаларға арналған мектеп-интернат» оқушылары өз әсерлерімен бөлісіп, достық қарым-қатынас орнатқандарына қуанышты екендіктерін ерекше атап өтті.
Осы орайда жаңашылдықтың шамшырағындай болып бой көтерген Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі зияткерлік қоғамдастық үлгісін жасаудағы әрбір жеке тұлғаның жоғарғы адамгершілік құндылықтарымен ерекшеленуіне басты мән береді. Оқушылар табысқа жету жолында қазақстандық патриотизм және азаматтық жауапкершілік, құрмет, әріптестік, еңбек және шығармашылық, өмір бойы білім алу құндылықтарын басшылыққа алады. Зияткер тұлға дамытуда құндылықтар арқылы тәрбие беру-оқушылардың бойына ең басты қасиет-адамгершілік қасиетін қалыптастырумен қатар, құрмет пен қамқорлық негізінде құрылған еліміздің жарқын болашағын қалауға осындай әлеуметтік инклюзивті жобалар мүмкіндік туғызады.

Н.Сұлтаева
Н.Орынбекова
Педагог-ұйымдастырушы кураторлар