Оқушыларымыз қарағайдан дәрілік препарат әзірлеп, картоп өнімділігін арттырудың жолын тапты

Мектебіміздің 8 сынып оқушылары Амина Турсунгалиева, Рада Кенченбаева, Дархан Поезканов, Аружан Махамбетовалар екі бағытта ғылыми зерттеу жүргізіп, қоғамға пайдалы жұмыс атқарды. Олар өздерінің зерттеу жұмыстарына 1 жыл уақыт жұмсаған. Зерттеу нысандары медицина, психология, химия, биология салаларына қатысты маңыздылығымен ерекшеленеді. Мәселен, Амина мен Раданың «Сосна обыкновенная – лучший друг здоровья человека» жұмысы қазіргі кездегі пандемияға байланысты өзекті жоба болып келеді.

– Жоба – кәдімгі қарағайдан дәрілік препараттарды дайындау мүмкіндігін дәлелдеді. Мәселен, бал, қант, спирт қосылған қарағай бүрлерінен сироптар жасалды. Сироптар жоғарғы тыныс алу жолдары ауруларына: жөтел, тұмау және суық тигенде пайдалану өте тиімді. Сондай-ақ ол адам иммунитетін қорғайды. Дәл осы ғылыми жұмыста шайырды қалай алу жолдары да беріліп, көрсетілген. Шайыр – ауыз қуыс ауруларына қарсы фитонцид болып есептеледі. Ол зиянды микроағзалардың өсуін тоқтатып, өлтіреді. Қазіргі кезде осы сироптардың құрамына ұқсас дәрілер маркетингте сатылуда. Шәкірттеріміз болашақта емдік қасиеті бар ароматерапиялық шамдар жасауды ойластыруда, -дейді ғылыми жетекшілердің бірі Альбина Ишмухаметова.


Дархан Поезканов пен Аружан Махамбетовалардың жобасы «Влияния удобрения на рост и урожайность картофеля в поселке Восточный г.Семей» тақырыбындағы жобасына қатысты тәжірибе біздің өңірде бұрын-соңды болмаған екен.


-Дархан мен Аружан да үлкен жұмыс жасады. Олар математикалық статистиканы тест Стьюдент арқылы анықтап, қорытындылар берді. Зерттеу жұмысы үшін жұмыртқа қабығы, ағаш күлі, көң және пияз қабығы сынды тұрмыстағы органикалық және бейорганикалық заттарды қолданды. Зерттеу қорытындысы бойынша ағаш күлі мен жұмыртқа қабығының артықшылығы байқалды. Өйткені, осы тыңайтқыштар қосылған картоп түйінділері жақсы масса берді. Болашақта шәкірттеріміз Шығыс, Комсомол, Дальний кенттеріндегі тұрмыстық тыңайтқыштардан жаңа комплексті тыңайтқыш шығару бойынша жұмыс жасайды,-дейді шәкірттеріміздің тағы бір ғылыми жетекшісі Айнұр Садыкова.


Жуырда шәкірттеріміз дәл осы еңбектерімен «Вilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми зерттеу орталығы ұйымдастырған республикалық «Үздік ғылыми жоба авторы» байқауының жеңімпазы атанды. Жас зерттеушілерге І дәрежелі диплом, куәлік, төсбелгі табысталып, еңбектері материалдар жинағына енгізілді.