Жас тарихшыларымыз қуантты

Мектебіміздің 9 сынып оқушылары Мәди Болатов пен Алима Еркинова Қазақстан тарихы пәнінен қалалық олимпиадаға қатысып, жеңімпаздар қатарынан көрінді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған білім бәйгесін М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі ұйымдастырған.

– Олимпиада талабы бойынша мектебімізден 2 оқушыны апардық. Қала мектептерінен 30–дан астам бала қатысты. Екі кезеңге бөлінген олимпиаданың алғашқысында шәкірттеріміз тест сұрақтарына жауап берді. Айта кетерлігі – осы сыннан сүрінбей өтіп, жоғары балл жинаған 7 оқушы ғана келесі кезеңге өтуге мүмкіндік алды. «Тарихи оқиға: дерек және дәйек», «Тұлғаны таны» сынды белгілі-бір кезеңдерді қамтитын оқиғалар желісін анықтауды көздейтін бұл кезең оңай болды деп айта алмаймыз. Соған қарамастан шәкірттеріміз сенімді ақтай білді,-дейді ғылыми жетекшілері Айқын Исабай.

Олимпиада қорытындысы бойынша Мәди І орын, Алима ІІІ орынға ие болды.