КВЕСТ «PLAY AND KNOW» – ҰТҚЫРЛЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕЙДІ.

Баланы бүгінгі заман талабына сай бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуде ұстаздың болмаса, тәрбиешінің ғана жұмысы аздық етеді. Сондықтан ата-аналар тарапынан қолдаудың болғаны жақсы. Ол сабақ барысында ғана емес, сабақтан тыс өткізілетін түрлі іс –шараларда көрініс берсе тіптен керемет. Осыны ескерген Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жатақханасының тәрбиешілері ата-ана, тәрбиеші, оқушылардың басын қосып, квест «Play and know» спорттық –интеллектуалдық ойынын өткізді.
Аталған ойын тәрбиеші – оқушы – ата-ана арасындағы байланысты тереңдетуден бөлек, салауатты өмір салтын ұстануға, шығармашылық қабілетті дамытуға ықпал етуді көздейді. Одан бөлек үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді насихаттау, өзге елдің мәдениетіне, салт-дәстүріне құрметпен қарай отырып, үш тұғырлы тілді меңгеру, қазақтың ұлттық ойындарын насихаттауды басты мақсат етіп алған ойынға қатысқан командалар белсенділік танытты.
7-12 сынып оқушыларымен ата-аналары, тәрбиешілерінен жасақталған «Diamond», «Flash», «Апельсины», «Достық», «Power» командалары ойынды ұйымдастырушылардың алдын –ала дайындаған түрлі сынақтарынан сүрінбей өтуге тырысты. Мәселен, ойын шарты бойынша «Көңілді стартқа» қатысқан ойыншылар спорттың бірнеше түрінен жылдамдық пен ептіліктерін тексеріп көрді. Ал екінші кезеңде оқушыларға пазлдарды құрастыруға тапсырма берілді. Әр қатысушының ой ұшқырлығын тексеру үшін түрлі жұмбақтар жасырылып, табылған жауапты үш яғни, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде айту міндеттелді. Жиыны 5 минут қана уақыт берілген бұл сында оқушылар өз шеберліктерін паш етті.
Егер жұмбақ баланың ой өрісінің дамуы мен жылдамдыққа тәрбиелесе, кез-келген елдегі мақал –мәтел адамның тілдік қорының кеңеюіне септігі мол. Спорттық – интеллектуалдық сайыста мақал –мәтелдің 3 тілдегі баламасын беру ойынның келесі кезеңі болды. Жер –жаһандағы табиғат кереметтері әркезде адамзатты таңғалдырып келеді. Естіп –білген сайын қызығушылығың арта түседі. Әлемнің әр қиырындағы дәл осындай ерекше орындардан әзірленген сауалдарда ойынға қатысушыларды елең еткізбей қоймады. Олар өздеріне қойылған сұрақтарға команда болып ойланып, нақты әрі дұрыс жауаптарын беруге тырысты.Ойынның әр кезеңі қатысушыларға айтарлықтай қиындықтарға толы болды. Бар –жоғы 7 минут қана уақыт берілген логикалық тапсырмалар кезеңінде мектеп шәкірттері кез-келген адам оңайлықпен шеше алмайтын түрлі саланы қамтыған сұрақтарға жауап берді.
Ойын арқылы оқушылардың бойына көшбасшылық, ұйымшылдық, еркін пікір алмасу сынды адами қасиеттерді сіңіруді көздеген интеллектуалдық ойында әр команданың жанкүйерлері яғни, көрермендер үшін «Әуенді тап», «Сиқырлы қылқалам», «Ребустарды шешу» сынды сайыстар ұйымдастырылды.
Соңында ойынның қорытындысы шығарылып, жүзден жүйрік шыққан «Power» тобы(тәрбиешісі Ж.Бейсембаева)1 –орынды, «Достық» тобы (тәрбиешісі К.Касимова) 2 –орынды, «Flash» тобы (тәрбиешісі А.Дүрмекбаева) 3 –орынды жеңіп алды.

Ойын соңында бірнеше ата-аналар мен оқушылар алған әсерлерімен бөлісті.
Алтын Жақыпова, ата-ана:
Квест “Play and know”спорттық –интеллектуалдық ойыны жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ұйымшыл ұжымның тың идеясына алғысымды айтқым келеді. Дәл осындай сайыс –ойындар ата –ана мен бала арасын, мұғалім мен ата-ана арасын жақындастыруға көп көмектеседі. Ойындағы түрлі кезеңдерде балаларымыз өз білім деңгейлерін тексеріп, ауызбіршілікте әрекет еткендері ерекше қуантты. Берілген логикалық сұрақтарға 3 тілде жауаптар қайтарылды.Ойын өте көңілді өтті. Дәл осындай шаралар біздің есімізде көпке дейін сақталары сөзсіз.

Айнұр Сейсебаева, ата-ана:
Жатақхана жетекшілеріне үлкен алғысымды айтамын. Керемет! Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес! Сондай тамаша əсер, көтеріңкі көңіл күй! Балаларды тіл көзден сақтасын, өте мықты! Жансая қалай керемет əн салды, дауысына тамсандық. Барлық балалар белсенділік танытты. Логикалық сұрақтарды талқылап, жан-тəндерімен жауап берді. Тәрбиешілерге айтарым, еңбектеріңіз жанып, оқушыларыңыз қуанта берсін!

Әдия Ильясова ата-ана:
Маған әсіресе ойынның ұйымдастырылуы мен түрлі кезеңдердегі сайыстар қатты ұнады. Ойынның өтуі 3 тілде жүргізіліп, әсем ән мен әдемі бимен көркемделіп отырды. Ойын өткізілген спортзалдың өзі қандай керемет, жарық, таза, әдемі. Ойын түрінде өткен шара тек қана оқушылардың ғана емес ата-аналардың да қызығушылығын тудырды. Сайыс қорытындысы бойынша балаларға сыйлықтар, мақтау қағаздары, сертификаттар табыс етілді. Балаларымыздың жарыстағы жеткен жетістіктеріне бізде өте қуаныштымыз. Естен кетпес жарқын сәттердің бірі болды деп айтуға толық негіз бар. Осы шараны ұйымдастырған ұстаздар мен тәрбиешілерге жүрекжарды алғысымды айтқым келеді. Оларға шығармашылық табыс тілеймін. Менің ойымша, біз алдағы уақытта да мектепішілік осындай сайыстарға тағы да қатысамыз деген үміттемін.

Назым Ғадылбекова 11«К» сыныбының оқушысы:
«Play and know» атты квест маған қатты ұнады. Біріншіден, күні бойы сабақ оқып, спортпен шұғылдануға қолы тимейтін оқушыларға, соның ішінде маған керемет жаттығу болды. Екіншіден, әр түрлі сыныптармен аралас топ құрап, достығымызды нығайтып, бір-бірімізге үлкен демеу бердік. Үшіншіден, керемет жағымды эмоциялар алып, оған қоса шулап, секіріп жағымсыз эмоциялардан арылдық. Менің ойымша, болашақта осындай қызықты да сапалы ойын түрлерін көптеп өткізіп, барлық жатахана балаларын қатыстыруымыз керек.
Нурул Камитеев, 12 «Е» сыныбының оқушысы:
Мен Квест ойының басты төрешілерінің бірі болдым. Бұл күн өте қызықты өтті. Бұл ойында әр бала – топ мүшелері өздерінің белсенділіктерін және абстракты ойлау қабілеттерін қолдану арқылы ойында барлық мүмкіндіктерін қолданды. Менің ойымша осы өткен күн әр баланың есінде жақсы естелік болып қалады.

Дана Сәулебекова 12 «К» сынып оқушысы
«Квест» ойыны оқушылар мен ата-аналарға ерекше әсер қалдырды. Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оқушылар мен ата-аналар бірнеше топ құра отырып, спорттық жарыстарға белсенді қатысты. Сонымен қатар, шараны ұйымдастырушы тәрбиешілер де әр топқа көмектесіп жанкүйер болды. Жоғары сынып оқушылары би билеп, ән айтса кейбірі әділқазылар құрамында төрелік етті. Топ мүшелері спорттық жарыстан кейін, зияткерлік ойындарға қатысты. Ойынның соңында жеңімпаз командалар мен барлық қатысушыларға ерекше сыйлықтар тарту етілді. Бұл күн әркімнің есінде қалғаны сөзсіз, себебі бұл күн әсерлі және көңілді болды.

Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.