Шәкіртіміз Азия чемпионатында жүлде алды

Мектебіміздің 7 сынып оқушысы Малика Асемханова тоғызқұмалақтан V Азия чемпионатында күміс медаль жеңіп алды. Шәкіртіміз 14 жасқа дейінгі қыздар арасында бақ сынаған.


Ақтөбе қаласында өткен V Азия чемпионатына Қазақстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Үндістан, Қытай, Моңғолия, Түркия, Түркіменстан, Ресей және Өзбекстан мемлекеттерінен 150 –ге жуық спортшы қатысқан.


– Ұлттық ойынымызбен 7 жасымнан таныспын. Адамның ойлау қабілетін дамытуға көмектесетіндігі қатты ұнайды. Сонымен қатар әр жеткен жеңісім қанаттандыра түседі. Тоғызқұмалақ үйірмесіне ата-анам алып келген. Азия чемпионатындағы жеңісімді соларға арнаймын. Менің осы дәрежеге жетуім солардың арқасы деп білемін. Алға қойған жоспарларым көп, -дейді оқушымыз.


Малика бұған дейін де түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, топ жарған. Мәселен, әр жылдары өткен республикалық додада жүлделі І,ІІ,ІІІ орындарға ие болған. Соның арқасында 2017 жылы «Спорт шеберлігіне үміткер» дәрежесін орындаған.