Көшбасшылар форумы сәтті өтті

Жеке тұлғалық қасиеттер мен командалық дағдыларды дамыту әр бала үшін алға қадам басудың тиімді жолы. Осыны үнемі басшылыққа алатын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ жыл сайын көшбасшылар форумын өткізіп тұрады. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Алматы қаласында ұйымдастырылған дәстүрлі форум жас делегаттар үшін жаңа бағытта білім алумен қатар еркін тәжірибе алмасу алаңы болды. Еліміздің әр қиырынан жиналған зияткер шәкірттерді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымының орынбасары Ольга Можаева құттықтап, әр ортадағы көшбасшының рөлі жайындаөз ойын ортаға салды.


2 күндік шараға әлемнің түкпір-түкпіріндегі жоғары оқу орындарында білім алатын, еңбек етіп жүрген түлектері мен шетелдік белді компаниялардың танымал тұлғалары қатысты.


-Көшбасшылар форумы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Түрлі тақырыптардағы лекциялар мен семинарлар, психологиялық тренингтер, спорттық жарыстар мен шығармашылық сайыстар да өткізілді. Форум шеңберінде клубтар жүйесі және олардың оқушылар бойындағы көшбасшылық қасиеттерді дамытудағы рөлі туралы баяндама жасаудың сәті түсті. Алматы сапары мен үшін бұл ұмтылмас тәжірибеге толы болды, – дейді мектебіміздің өзін-өзі басқару ұйымының президенті Айша Мұратова.


Форум соңында сөз алған Назарбаев Зияткерлік мектептерін дамыту департаменті директорының орынбасары Аида Ағаділ көшбасшыларды мектептер арасындағы ынтымақтастық желісін үзбей, онлайн форматта жалғастыруға шақырды.