Вена қайырымдылық балы

23-ші қазан күні Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Вена қайырымдылық балы бар сән-салтанатымен ерекше өткізілді. Қайырымдылық шарасы мектепте дәстүрлі түрде өтіп келеді. Биыл, игі іс «Қоғамға қызмет» жобасы аясында жүзеге асты. Адам өміріндегі ең ізгі қадамдардың бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Осыны тереңінен түсініп, қоршаған ортаға мейірім таныта білген оқушылар, жылда қайырымдылық бағыттағы балға тыңғылықты дайындалады. Биылғы шарадан қаладағы мәдени мекемелер мен орта білім беретін 5 мектептің ұжымы да шет қалмады.
Дастан Беков, 12-сынып оқушысы: – Осы шараға қатысу барлығымыз үшін маңызды болып табылады. Себебі, бұл тек қана би билеп, ән айту емес. Сондай-ақ, қайырымдылық арқылы біздің мәдениетімізді қалыптастыру болып табылады.
Сонымен қатар, би өнері жеткіншектерді әсемдік пен талғампаздыққа баулиды. Бал кезінде XVIII ғасырдағы вена вальсі, полька, менуэт сынды сан қырлы дәстүрлі билер қонақтарға ерекше әсер сыйлады. Шара барысында жиналғандар арасында аукцион ұйымдастырылып, дарынды балалардың қолынан шыққан түрлі бұйымдар саудаға қойылды. Бірегей өнер туындылары әркімнің қызығушылығын тудырды. Қайырымдылық шарасынан жиналған 1 млн. теңгені мектеп басшылығы мүмкіндігі шектеулі 5 бүлдіршін мен обыр дертіне шалдыққан Назарбаев Зияткерлік мектебінің 2 оқушысына көмек ретінде табыстауды жоспарлап отыр.
Лариса Оралбаева, Назарбаев зияткерлік мектебі директорының орынбасары: – Барлық жинаған қаражатты мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап отырмыз. Екі оқушымыз онкоаурумен ауырған, соларға көмек көрсетудеміз. Ойлаймыз, осындай шара арқылы біздің оқушылар қоғамдағы орнын, басқа адамдардың өміріне қосқан үлесін зор маңыздылығын ерекше түсінеді.
«Ізгілікті іс жасау арқылы жүректерге жылу сыйлай білген жандар – елдің ертеңі мен болашағы», – дейді ұстаздар. Сондықтан, тағлымға толы қайырымдылық шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ.