“Жан нұры” жылулық сыйлайды

Мектебімізде “NIS Teachers Volunteers” желілік клубының ұйымдастыруымен “Жан нұры” қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге ұстаздар, оқушылар, ата-аналар қатысты.


– Жәрмеңке нағыз думанға айналды. Сөреге қойылған тәтті тағамдар, жеміс-жидек, қолөнер бұйымдарының барлығы жәрмеңкеге қатысушылардың өз қолымен дайындалған. Бастамамызға қолдау білдірген ұстаздар мен ата-аналарға ерекше алғысымызды білдіргім келеді. Қайырымдылық шарасынан жиналған қаржы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды қолдауға жұмсалады, -дейді “NIS Teachers Volunteers” желілік клубының жетекшісі Жазира Құрманова.


Жәрмеңкеге жиі қатысып, қайырымдылық іске қолұшын беруге құштар ата-ананың бірі Нұргүл Құдайбергенқызы. Бұл жолы да сынып ата-аналарымен бірлесе отырып, шараның бел ортасынан табылды.
-Қайырымдылық – қанымызға сіңген қасиет. Біз осыны кейінгі буынға сіңіре білуіміз керек. Әлемнің іштарлық, зұлымдықпен емес керісінше, жақсылықпен нұрлана түсетіндігін әрбір бала білсе дейміз. Бала тәрбиесін мектептің ғана мойнына артып қою дұрыс емес. Алдымен өзіміз жауаптымыз. Дәл бүгінгідей шаралар ата-ана мен баланың арасын жақындастырып қоймайды, дұрыс бағытқа жөн сілтей алатын жолды да көрсетеді деп ойлаймын, -дейді ата-ана өз сөзінде.


Жәрмеңкенің көңілді өтуіне ұстаздар мен өнерлі шәкірттеріміз де атсалысып, флешмоб ұйымдастырылды. Әуезді әнде шырқалды.


Баспасөз қызметі