Сыңғырла, күміс қоңырау!

1 қыркүйек Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев мектебінің 7-8 сыныптары үшін алғашқы қоңырау салтанаты дәстүрлі түрде өткізілді. Ал қалған сыныптар шараны онлайн тамашалады. Білім күніне арналған лездеме ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, ұлт ұстазы Ы.Алтынсариннің 180 жылдығы, жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдығы, даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығы шеңберінде өтті.


– Еліміздегі эпидахуалға байланысты санитарлық талаптарды сақтай отырып, 7-8 сыныптарға ғана бөлек-бөлек алғашқы қоңырау салтанатын дәстүрлі түрде өткізу ұйғарылды. Тіптен бұл шараға олардың ата-аналары да қатыса алмады. Дегенмен біз салтанатты шараны тікелей эфирде таратып, ата-аналар мен жоғары сынып оқушыларының көріп, тамашалауына мүмкіндік жасадық. Мектебімізге конкурстық іріктеуден өткен 120 жаңа шәкірт қабылданды. Бүгінгі білім күнінде әсіресе, осы шәкірттерді ерекше құттықтағым келеді, -деді өз сөзінде мектеп директоры Бағдан Қайыржанов.

Зияткерлік мектепте білім алу бақыты бұйырғандардың бірі – Альтаир Кусманов. Ол өз қатарластарының арасында конкурстық іріктеуде ең жоғары ұпай жинаған. Болашағымды еліміздің дамуына арнағым келеді деген жас өрен Зияткерлік мектептің шәкірті атанғанына өте қуанышты.


– Зияткерлік мектеп – мен үшін еліміздегі ең мықты, ұстаздары білікті білім ошағы болып саналады. Осы ортада білімімді ұштап, биік белестерді бағындырсам деймін. Ұстаздардан үйренерім көп. Жалықпай, ерінбей білім алғым келеді. Келешекте қазақстанның дамуына үлес қосқым келеді, -деді Альтаир Кусманов.
Шара барысында мектебімізге жаңадан келген шетелдік ұстаздар таныстырылып, желілік жобалар жайлы айтылды. Солардың бірі – «100 кітап» жобасының аясында 7 сынып оқушыларына кітаптар табысталды. Мойындарына Зияткерлік мектеп галстуктері тағылды.
Салтанатты лездеме соңы оқушылар үшін әзірленген «Photocamp» курсынан білім алған жас фотографтардың суреттері мен «Шебер» студиясы мүшелерінің қолөнер бұйымдарының көрмесіне ұласты. Куратор сағатында шәкірттеріміз қызықты тақырыптарға толы ақпараттармен танысты.
Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша түлектеріміздің 16-сы шетелдің, 32-і Назарбаев Университетінің, қалғандары еліміздің рейтингі жоғары оқу орындарының студенті атанған.


Баспасөз қызметі