«Жазғы мектеп» жалғасады

Білім ошағымызда «Жазғы мектеп» өз жұмысын бастады. Жылдағы дәстүр бойынша оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге көмектесу, коммуникативті дағдыларын дамытуды көздейтін мектептің биылғы бағдарламасына «Олимпиядалық мектеп», «Зерттеу мектебі» (жетекшісі Р.Қайыркенова), «Жазғы тақырыптық кеңес беру мектебі», (жетекшісі Г.Кайрханова), «11 сыныптарға МЭСК дайындығы үшін IELTS» курсы (жетекшісі С.Мажиков), жалпы орта білім беретін мектептер үшін «Курс лидерства» (жетекшілері Д.Мусина, Г.Жакеева) курстары ашылды.


– Аталған курстардан бөлек мектебіміздің 7-9 сынып оқушыларына таңдау ретінде 6 бағдарлама ұсынылды. Олардың қатарында «Физика вокруг нас» (жетекшісі: З. Тастамбекова), «Википедия» клубы (жетекшісі: А.Ибрагимова ), «Түрікше үйренейік» (жетекшісі:Н.Сұлтаева), «Әдебиет пен өнер егіз ұғым» (жетекшісі: М.Сламджан), «Занимательная алгебра» (жетекшісі:Г.Сеиткулова), «Арт студия» (жетекшісі: Г.Курманбаева, К.Сапаргалиева) сынды бағыттар жұмыс жасайды. Биылғы жазғы мектепке 730 –ға жуық оқушы тартылды. Оларға 136 мұғалім дәріс беретін болады, – дейді «Жазғы мектеп» үйлестірушісі Динара Мусина.


Биылғы жазғы мектептің өткен жылдардағыдан ерекшелігі – алғаш рет «Школа лидерства» курсы қосылып отыр. Оған қаламыздағы орта білім беретін мектептердің көшбасшылары іріктеліп алынды. Курс алдағы 10 күн бойы оқушылар бойындағы көшбасшылық қабілетті дамытып, кәсіпкерлік пен білім және өзге де салаларда жетістікке жеткен танымал тұлғалармен кездесу өткізуді жоспарлап отыр.

Баспасөз қызметі