Даңқты балуан «Даналық бейсенбіде» қонақта

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ ұстаздары, оқушылары мен ата-аналары «Даналық бейсенбі» жобасында даңқты балуан Айбек Нұғымаровпен жүздесті. TEAMS платформасы арқылы бүкіл елімізге таратылған кездесу барысы әсерлі әңгімеге толы болды.


Шара қазақтың тұңғыш кәсіби балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығын атап өту аясында ұйымдастырылды. Сұхбат барысында Айбек Серікболұлы қазақ күресінің қыр-сыры, өзге күрес түрлерінен ерекшелігі жайлы айта келіп, ұлттық спортымыздың даму барысы жайлы әңгімелеп берді.

– Кездесу көңілімнен шықты. Емен-жарқын әңгімелестік. Қойылған сұрақтардың да өскелең ұрпақ үшін маңызы бар. Шамамның келгенінше дұрыс жол сілтей білдім деп ойлаймын. Ерекше атап өтерлігі, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басшылығы тарапынан еліміздегі білім мекемелерінің алғашқыларының бірі болып, ұлттық күресті мектеп бағдарламасына енгізуге деген талпыныстары қуантады. Енді осы бағыттағы жұмысты федерация, мектеп, балуандар біріге атқарамыз деген ойдамын, – дейді Айбек Серікболұлы.


Кездесу барысында балуанның өмірі, спорттық мансабы жайлы бейнесюжет үзінділері көрсетіліп, көрермендер тарапынан сұрақтар қойылды.


Айбек Нұғымаров – Қазақ күресінен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері. Қазақ күресінен еліміздің 10 дүркін, Азияның 4 дүркін, Әлемнің төрт дүркін чемпионы, “Әлем Кубогының” үш дүркін иегері, “Қазақстан Барысы” турнирінің екі дүркін, “Еуразия Барысы” халықаралық турнирінің төрт дүркін, “Әлем Барысы” халықаралық турнирінің үш дүркін чемпионы. «Құрмет» орденінің иегері, ШҚО мәслихатының депутаты.

Баспасөз қызметі