Әлемжанның «CosmoStars» -тағы жеңісі

Жуырда адамның ғарышқа алғаш ұшуының 60 жылдығына арналған «CosmoStars» қашықтықтан өткізілген Республикалық жас зерттеушілер байқауы аяқталды. Дәл осы байқауға қатысқан Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8 сынып оқушысы Әлемжан Ахметжанов 1 орынды жеңіп алды.

Еліміздің білім және ғылым министрлігі, «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығымен бірлесе ұйымдастырған байқауға 156 жұмыс қабылданып, қорытынды кезеңге 38 жұмыс іріктеліп алынған.

– Әлемжанның жобасы «В космос под парусом» деп аталады. Жобаның өзектілігі мынада: күн желкені – қозғалтқыштың ерекше түрі, реактивті қозғалыс жасау үшін жанармай қажет емес, сондықтан үздіксіз үдеуді қамтамасыз ете алады. Белсенді күн желкенінде ғарыштық ұшу аппараттарын құру мүмкіндігі зерттелген. Әр түрлі дизайн нұсқаларын жасай отырып элементтердің параметрлері есептелді. Ұсынылған дизайнның макеті жасалды, – дейді жоба жетекшілерінің бірі, физика пәнінің мұғалімі Жадыра Ахатаева.


Ал жобаның екінші жетекшісі Серік Анибаевтың пікірінше, Жобаның ғылыми жаңалығы – ғарышқа қол жетімділік әдісі ұсынылды. Ол қолданыстағы ракета әдістерімен салыстырғанда арзан бағасымен ерекшеленеді. Күн желкені – бұл әдеттегі ракета қозғалтқыштарын ауыстыруға арналған дизайн. Бұл жұмыста Әлемжан күн желкенінің қолшатыр тәрізді моделін ұсынады.

Баспасөз қызметі