Білім ошағымыз ЮНЕСКО-ның қауымдастырылған мектептері құрамына енді

Алтын ұямыз 182 елде тіркелген ЮНЕСКО қауымдастырылған мектептерінің мүшелігіне 2017 жылдың ақпан айынан бастап үміткер болып келеді. Осы уақыт аралығында Семейлік білім мекемесі ЮНЕСКО-ның барлық бағыттары бойынша белсенді жұмыс жасады. Соның ішінде ұстаздар мен оқушыларымыз түрлі деңгейлердегі байқау, олимпиадалар, фестивальдарға, поэзия сайыстарына, конференцияларға, жазғы мектептерге және т.б шараларға қатысты. Қауымдастыққа мүше болудың басты шарты –ЮНЕСКО-ның бағыттары бойынша атқарылған жұмыстарда нәтиже көрсетумен қатар үміткерлік өтіл кезінде тұрақтылық қажет.

Дәл осы сынақтардан сүрінбей өткен Семейлік Зияткерлік мектеп мүшелікті растайтын сертификат пен құттықтау хатына ие болды. Сонымен қатар ЮНЕСКО-ның қауымдастырылған мектептерінің Қазақстандағы ұлттық үйлестірушісі Леонид Ким өз хатында алдағы уақытта бірлескен жұмыстарды бірге атқаруға ниетті екенін білдірген.

– Бізге қолдау білдіріп, бірлескен жұмыстарды атқаруға көмектескендері үшін ЮНЕСКО-ның қауымдастырылған мектептерінің Қазақстан Республикасындағы ұлттық үйлестірушісі Л.Ким және атқарушы көмекші Ю.Ким мырзаларға үлкен алғысымызды білдіреміз. Дәл осындай алғысты белсенділік танытқан оқушыларымызға, әріптестерімізге де айтқым келеді. Бұл біздің ұжымымыздың еңбегінің нәтижесі. Біз өз мектебіміздің абырой, намысын биік ұстай отырып, ЮНЕСКО-ның алға қойған мақсаттарының жүзеге асына атсалысатын боламыз,-дейді ЮНЕСКО-ның қауымдастырылған мектептерінің біздегі үйлестірушісі, физика пәнінің мұғалімі Асхат Жұмабеков.

ЮНЕСКО-ның қауымдастырылған мектептері адамның негізгі құқықтары мен қадір-қасиеті, гендерлік теңдік, әлеуметтік прогресс, бостандық, әділеттілік пен демократия, халықаралық ынтымақтастықты құрметтеуді қоса алғанда, ЮНЕСКО мен БҰҰ Жарғысында қамтылған құндылықтар мен принциптерді насихаттауға тырысады.
Соның ішінде ХХІ ғасырдағы білім беру жөніндегі халықаралық комиссияның ЮНЕСКО-ға дайындаған есебінде айқындалған білуге үйрену, жасауды үйрену, өмір сүруге үйрету және ең бастысы, қатар өмір сүруге үйрету сынды төрт білім беру саласына ерекше назар аударады. Қазіргі таңда елімізде ЮНЕСКО-ның 30 қауымдастырылған және 11 үміткер мектебі бар.


Баспасөз қызметі