Рамазан – шаршы тақта шебері

Шахматшы шәкіртіміз Рамазан Сәрсенбенов кезекті мәрте жеңімпаз атанды. Ол дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының 100 жылдық мерейтойына арналып ұлдар мен қыздар арасында ұйымдастырылған облыстық онлайн шахмат турнирінде қарсылас шақ келтірмеді.Осылайша, білім ошағымыздың 7 сынып оқушысы ата-анасының ғана емес, ұстаздары мен сыныптастарының мақтанышына айналып отыр.


– Әр ата-ананың өз баласынан үлкен үміт күтетіні сияқты бізде Рамазанның бойында бір ерекшеліктің бар екенін кішкентай кезінен байқадық. Қоршаған ортаны танып білуге деген құлшынысынан бөлек, шахматқа деген қызығушылығы 5 жасында оянды. Шахмат әліппесін үйреткен өзіммін. 6 жасқа толысымен арнайы шахмат үйірмесіне жазылып, араға бір жыл салып жақсы нәтиже көрсете бастады. Алғашқы жеңісіне облыстық жарыста қол жеткізді. Ол жолы Рамазан жүлделі 3-ші орынға ие болған еді, -дейді анасы Мақпал Оралбайқызы.


Дәл осы жеңістен қанаттанған жас шебер қала, облыс көлеміндегі барлық жарыстардан шет қалмаған. Тіптен “Прииртышье” Қазақстан Республикасы Кубогі мен Щучинск, Павлодар қалаларында өткен республикалық сындар да бақ сынаған. Осылардың барлығында абыройы артып, жүлдегер атанған. Шахматтан 2 разрядты ойыншы. Болашақта танымал шахматшы болуды армандайтын Рамазанның талабына әжесі Рымкеш Қабдыкәрімқызы үлкен қолдау білдіреді. Білуімізше, әжесі немересін қай жарысқа болмасын өзі апарып, жанкүйер болып отыратын көрінеді. Ұрпағының келешегіне бей-жай қарамайтын ата-ана осындай болса керек.

Баспасөз қызметі