JASTAR TALKS : Үздік ұстаз жастармен жүздесті

Жуырда мектебіміздің физика пәні мұғалімі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Асхат Советханұлы Жұмабековпен Zoom платформасында Jastar Talks онлайн-кездесуі өтті.
Іс-шараны ішкі саясат басқармасының жастармен жұмыс бөлімі және Шығыс Қазақстан облысының жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Кездесу Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар аясында өтті.
Кездесудің негізгі тақырыбы: «Ұстаз болу: жетістікке жету жолы». Кездесу барысында ұстазымыз облыс жастарына өзінің жетістік формуласымен, күнделікті өмірде қандай негізгі принциптер мен құндылықтарды басшылыққа алатынын айтып, балалармен жұмыс істеу тәсілдері туралы әңгімеледі. Сонымен қатар ол өз оқушыларының көрсеткен нәтижелері мен жаңа білімді игеруге қалай ұмтылатындықтарын ортаға салды. Конференцияға облысымыздың барлық ауданы жастарының қатысқанын айта кетуіміз керек.
Екіжақты кездесу жастардың қонаққа сұрақ қоюларымен қыза түсті. Соның ішінде «Болашақ» бағдарламасы туралы сауал көпті қызықтырды. Бұған кең көлемде жауап қатқан Асхат Советханұлы бағдарламаның бағыттары, қыр-сырымен, жаңа ережелерімен таныстырып, бағдарламаға қатысудағы өзінің жеке тәжірибесімен бөлісті. Салиқалы кездесуден маңызды мағлұмат алған жастар кездесудің алдағы уақытта да өткізілетіндігі сенім білдірді. Барлық қатысушылар мұғаліммен әңгімеге қанағаттанды және болашақта осындай кездесу ұйымдастыруға тілек білдірді.
Асхат Жұмабеков – Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің «Үздік педагог» атағының иегері, «Әлем мұғалімі» ғаламдық сыйлығының номинанты. Ол үнемі дәл осындай ауқымды іс-шараларға үнемі қатысып отырады.
Мәселен, осы жылдың басында А.Жұмабеков жас мұғалімдерді қолдауға бағытталған «Жас қанат» жетекші мектептеріне арналған аймақтық макрожобаның І кездесуіне қатысты. Макрожобаның идеясы мен тұжырымдамасы Педагогикалық шеберлік орталығының филиалына тиесілі. Жобаның серіктестері болып Ақтөбе облысының білім басқармасы және Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебі табылады.
Бұл жоба жылына 4 мәрте білім басқармасы мен педагогикалық шеберлік орталығы бірлесе ұйымдастыратын мотивациялық жоба. Жоба аясында жас ұстаздар білім саласындағы білікті мамандармен дидарласып, олардың іс-тәжірибелерін үйреніп, өз жұмыстарына пайдалана алады.


Баспасөз қызметі