Бүлдіршіндермен барымызды бөлісеміз

Жақсылық жасау – Семейдегі Назарбаев Зияткерлік мектебі ұстаздары мен оқушылары, ата-аналары үшін әдетке айналды. Бір ғана осы оқу жылының басынан-ақ бірнеше қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары мен мүмкіндігі шектеулі балалардың қуанышына ортақтасып жүргендерін бұған дейін де жазғанбыз. Енді міне сол ізгі үрдіс одан әрі жалғасын тауып, риясыз шаттану бақыты – «Бала үйі» тәрбиеленушілеріне де келіп жетті.
– Бір атап өтерлігі – қайырымдылық жасау туралы идея тасталса болғаны, шәкірттеріміз, әріптестеріміз, ата-аналарымыз бірден қолдап әкетеді. Осы жолы да солай болды. Ұсынысқа мектебіміздің «Толағай» шаңырағының мүшелері, 7 «В», «К», 9 «А» сыныптарының ата-аналары мен «NIS Teacher Volunteers» клубының мүшелері – әріптестеріміз белсенділік танытты. Нәтижесінде «Бала үйі» мекемесінің басшылығы тарапынан сұралған дүниелер сатып алынды, -дейді ұйымдастырушы – педагог-куратор Ақлима Сексенбаева.
Шара аясында Бала үйіндегі бүлдіршіндердің қол моторикасын дамытуға арналған 3 лего-үстел, шағын үй, түрлі-түсті бояу жабдықтарынан бөлек 16 дана көйлек сыйға тартылды. Қаламыздағы бұл мекемеде буыны қатып, белі бекімеген 69 бүлдіршін бар. Олардың 39 –ы осы шаңырақтың тұрақты тәрбиеленушісі. Тағдыр тәлкегіне сәбиінен түскен жандардың мұңын сейілтіп, жанын жадыратуда Зияткерлік мектеп аз да болса әрекет етуді жөн санайды.


Баспасөз қызметі