Ұстаздарымыз ЮНЕСКО –да топ жарды

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары Арай Ағаларова мен Назым Адаспаева ЮНЕСКО-ның халықаралық сайысында жеңімпаз атанды. Әріптестеріміз бұл жеңіске ЮНЕСКО –ның білім берудегі ақпараттық технологиялар институтының HEDU компаниясымен бірлесе ұйымдастырған “Connecting schools online for inter-cultural teaching and learning: IITE-UNESCO Associated Schools Network pilot project for Shanghai Cooperation Organization countries” халықаралық “CONNECT”онлайн форумына қатысу арқылы қол жеткізді.

            – COVID-19 пандемиясы кезінде білім саласында орын алған кедергілерді жойып, өзара тәжірибе алмасуды басты мақсат етіп алған бұл сайыс оңай болды деп айта алмаймыз. Алдымен HEDU платформасында ұйымдастырылған вебинарларға қатысып, ғаламдық мәселелер бойынша талқылау жұмыстарын жүргіздік. Сайыс ағылшын тілінде өткізілді. Әріптесім Арай Ғабиденқызы екеуміз «Климаттың өзгеруімен күрес» тақырыбында бейнеролик әзірледік. Бейнероликте онлайн оқытуды қолдауға және оқушылардың зерттеу дағдыларын дамытуға көмектесетін білім беру ресурстары туралы жайттар баяндалады, -дейді Назым Мақсұтқызы.

            Онлайн форумға біздің елімізден бөлек Қытай, Үндістан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан сынды мемлекеттердің мұғалімдері қатысты. Қазылар алқасының шешімімен үздік деп табылған семейлік ұстаздардың бейнеролигі ЮНЕСКО-ның сайтына жүктеледі. Сонымен бірге ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сертификат пен планшетке ие болады.

            Жеңімпаз әріптестеріміздің бірі – ағылшын, екіншісі – информатика пәндерінен зияткерлік мектеп жүйесінде 11 жылдан бері жұмыс жасап келеді.

Баспасөз қызметі