Зияткер Дана «Елбасы медалін» алды

Семей қаласындағы физика-матаматика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы Дана Саят «Елбасы медалін» алды. Шәкіртімізге бұл марапатты ҚР Тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен өткен «Тәуелсіздік жолын жалғастырар ұрпақ» атты онлайн форумда ШҚО әкімі Даниял Ахметов табыстады. Форумды Нұрсұлтан Назарбаев қоры ұйымдастырды.
– «Елбасы медалі» бағдарламасы жайлы естісімен бірден қатысуға шешім қабылдадым. Ата –анамда бірден қолдау білдірді. Медальға қол жеткізу үшін ұйымдастырушылар тарапынан берілген түрлі бағыттар бойынша тапсырмаларды орындау қажет. Әзірге бағдарламаның қола медалін алып отырмын. Ендігі жоспарым осы қалпымнан танбай, күміс, алтын медальдарын да жеңіп алсам деймін, дейді Дана Саят.
Шәкіртіміздің қола медальға қол жеткізуінің өзі оңай болды деп айта алмайсыз. Өйткені, соңғы алты ай көлемінде спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, экспедициялар мен жорықтар, еңбек практикасы сынды бағыттар бойынша ұйымдастырушылар тарапынан берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындау қажет болған. Шараны ұйымдастырушылар сөзіне қарағанда, бағдарлама 14 пен 29 жас аралығындағы жастарға арналған. Бағдарламаға қатысу арқылы, жастар өз уақытын басқаруға, мақсат қоюға және оларға жүйелі түрде қол жеткізуге, салауатты өмір салтын ұстануға және үнемі өзін-өзі дамытуға үйренеді.


Баспасөз қызметі