Күйшімен өткен кездесу

Жуырда белгілі күйші, композитор, мәдениет саласының үздігі, облыстық Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының директоры Айбек Бекбосынмен кездесу өтті. Шәкірттеріміз «Даналық бейсенбісі» жобасының аясында күйшімен онлайн жүздесіп, екіжақты емен-жарқын сұхбат орнады.

– «Даналық бейсенбісі» жобасы арқылы біз өңірімізге, елімізге танымал азаматтармен жүздесіп, олардың ғибратты өмір жолымен етене танысамыз. Осы арқылы біз өз шәкірттерімізді сол тұлғалардай болуға, болмаса да ұқсап бағуға шақырамыз. Танымал күйшінің қатысуымен өткізіліген онлайн кездесуге жоғары сынып оқушыларынан бөлек, ұстаздар, ата-аналар да қатысты. Салиқалы сұхбат, тағылымды шара болғанына шүбә жоқ, -дейді кездесуді ұйымдастырушы Ақлима Мэлсқызы.

Күйші өзінің балалық шағынан бастап, білім алған, оқыған ортасы жайлы кең көлемде әңгімелеп берді. Сондай-ақ күй өнері, күйшілікке қалай келгендігі, шығарған күйлері, қазіргі жұмысы, болашақ жоспарлары жайлы ой бөлісті.

-Қазір ұлттық өнерімізге, соның ішінде күйшілік дәстүрге ерекше көңіл бөлініп келеді. Сіздердің мектепте әр оқушыны домбырамызбен жақынырақ таныстыруға, оны тартып үйретуге баулитын «100 күй» жобасының бар екендігі мені қуантады. Домбыра –қазақтың жаны. Біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызбен ғана шет мемлекеттерді таңғалдыра аламыз. Әлем бізге сол арқылы өзгелерден бөле-жара қарайтын болады, -деді Айбек Серікболсынұлы өз сөзінде.

Кездесу соңында күйші карантин аяқталысымен филармонияға қонақ болуға шақырды. Ал оқушылар өз кезегінде мектепте күйшінің жеке концертін өткізуге өтініш жасады. Айбек Бекбосын халыққа кеңінен тараған «Елбасы толғауы», «Алаш ұраны», «Саржал», «Мәңгілік», «Шәкәрім», «Тарбағатай», «Қорғалжың», «Дала» сынды күйлердің авторы.

Баспасөз қызметі