Білімнің кілті – кітапта

Кітап – сарқылмас қазына. Бүгінгі дәуірде ақпараттық-технология қаншалықты дамыды дегенімізбен, кітаптың құны түскен емес. Осы қазынамыздың қадірін арттыра түсу мақсатында біз өз шәкірттерімізге түрлі шаралар өткізіп тұрамыз.

Мәселен,  7 сыныптар арасында желілік «100 кітап» жобасы аясында «Кітапты қалай қолдану керек?» атты брейн-ринг өтті. Ойын шарты бойынша қатысушылар 4 топқа бөлініп, әр топ төрт станцияның сұрақтарына жауап беруі тиіс. Қайтарылған әр жауапқа тиісті балл беріледі. Оқушыларға жолданған сауалдар бір-біріне ұқсамайды.

Мәселен, бірінші станцияда «Мектеп кітапханасындағы кітап қоры», «Оқушылардың ең жиі алатын кітаптың авторы», «Кітапханалар қанша жыл бұрын пайда болды?» сынды, екінші станциядағылар Ұлы даланың ақын-жазушылары туралы сұрақтарға жауап іздеді.  Одан әрі үшінші станцияда көркем әдебиеттен белгілі-бір шығарманың үзіндісін оқып, қай автордың туындысы екенін анықтап, автор мен әдебиеттің аттарын сәйкестендіру тапсырмаларын орындады. Соңғы станциядағылар бейне үзінді көріп, оның қандай кітап-кино екенін табуға тырысты.

Ойын қорытындысы бойынша топтардың жинаған ұпайларына қарай: «Ең үздік оқырман», «Білімді оқырман», «Ізетті оқырман», «Тапқыр оқырман» аталымдары берілді. Өскелең ұрпақты кітап оқуға үндеген бұл тәрбиелік іс-шара өте қызықты әрі мазмұнды өтті.

Б.Салихова,
Г.Дулатова,
Г.Жакеева,
Педагог-ұйымдастырушы-кураторлар