Қайырымдылық жасасаң, қайырын көресің

Мектебіміздің «Алтай» шаңырағы ата-аналарымен бірлесе отырып «Бумеранг Добра» атты қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Сауапты іске мектебіміздің 8 «А» және 11 «Д» сыныптарының кураторы Нұржанат Қасымова қолдау білдірді.  Шаһарымыздағы № 8 балалар үйі тәрбиеленушілеріне көмек беруді көздеген шарамызға «Ертіс» (8 «Е» және 11 «Л» сыныптары) мен «Маралды» (8 «Д» және 11 «Б» сыныптары) шаңырақтары да атсалысты.

Қайырымдылық шарамыздың алғашқы кезеңінде аталған балалар үйінің басшылығымен хабарласа отырып, тәрбиеленушілерге негізінен сыртқы қысқы киімдердің қажет екені анықталды. Сонымен қатар мекемеде киізден жасалған бұйымдарды тігетін тігін машинасының бар екенін естіп, оған қажетті киіз алып беру туралы шешім қабылданды. Бұл үшін мектепішілік әлеуметтік желілер мен әр сыныптың Whatsapp топтары арқылы 3 тілде жазылған хабарландыру таратылды. Нәтижесінде акцияға қатысуға ниет білдіргендер саны артып, балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін киім-кешек, жеміс-дидек, тәттілер, киіз сатып алынды.

Дегенмен сақтық шараларын ұстанған оқушыларымыз балалар үйіне өздері бармай, жинаған, сатып алған дүниелерін педагог-ұйымдастырушы-куратор Нұржанат Орынбайқызы мен мектеп ата-анасы Толқын Мейірбекқызы апарып табыстады. Осылайша, кішкентай болсын қайырымдылық жасау арқылы акцияның әр қатысушысы жанашырлық, достық, қамқорлық сынды қасиеттерін ұштай түсті деп білеміз. Ендеше, қайырымдылық жасай білейік!

Рената Усманова, Аружан Сайлауова,
11 «Д» сыныбының оқушылары