Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жатақханасы тәрбиешілерінің ұйымдастыруымен «Адамзаттың Абайы» атты онлайн танымдық кеш өтті. Кешке белгілі абайтанушы Асан Омаров арнайы қонақ ретінде шақырылып, Хәкімнің шығармашылығы жайлы мағлұмат алынды. Алты бөлімнен тұрған кештің негізгі мақсаты – ұлы ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, оның даналығы мен рухани асыл- мұраларын насихаттау. Сонымен қатар шәкірттерімізді Абайды жақынырақ танып, өсиет сөздерінен өнеге алуға шақыру.
– Абай атамыздың 175 жылдығы аясындағы шаралар әлі де жалғасын тауып келеді. Оның себебі–ақын шығармашылығының өміршеңдігі. Ғұламаның ойлы өсиеттері мен даналық сөздері қай заманның болмасын қажетіне жараған. Бүгінгі онлайн танымдық кешімізде біз осыны басшылыққа алып, шараға қатысуға ниет білдірген әр адамды тағы бір мәрте Абай атамызбен қауыштырғандай күй кештік. Кешке шәкірттерімізден бөлек, мектеп ұстаздары мен ата-аналардың қатысуы тіптен керемет болды, -дейді кешті ұйымдастырушы жатақхана тәрбиешісі Мұхамед Жеңісұлы.
Кеш барысында қатысушылар Абай мұражайына онлайн-саяхат жасап, Абай атындағы кітапханадан әзірленген “Абай әлемі” кітап көрмесін тамашалады. Сондай-ақ абайтанушы-ғалым Асан Омаровпен онлайн дидарласып, дала данасының ғибратты өмірі, шығармашылығы жайлы салиқалы әңгімеге құлақ түрді. Оқушылар өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды.
– Бүгінгі шараға шақырып, зияткер оқушылармен қашықтан болса да дидарласудың сәті түскеніне қуаныштымын. Әсіресе мені жас буынның Абай атамызды жаңа қырынан танығысы келгендері қатты қуантты. Қойған сауалдары да ойланып жауап беруге тұрарлық сұрақтар. Соған байланысты өз тарапымнан Абайдың тәрбие, имандылық философиялары жайлы айтқандарын ортаға салдым. Олардың барлығы жатарымыздың келешек өміріне пайдасын тигізеріне күмән жоқ, – дейді кеш қонағы Асан Омаров.
Кеш барысында мектебіміздің талантты оқушыларының бірі Шыңғыс Тоқанов ойшылдың қара сөздерін оқып, өзге қатысушылармен кері байланыс орнатылды. Бұл сәтте қатысушылар Абайға қатысты түрлі сауалдарға жауап беріп, өз білімдерін сынап көрді. Осылайша, ақын шығармашылығын дәріптеу әлі де жалғасын тауып келеді.
Баспасөз қызметі