Тәрбие бағыты ұмыт қалмайды

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ тәжірибесін орта мектептерге енгізу жұмыстары сәтті жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде оқу, оқыту процесін ғана емес тәрбие саласында кеңінен насихаттап, білім мекемелері директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, сынып жетекшілері сынды тәрбие саласына жауапты өзге де мамандарға әдістемелік көмек көрсету күн тәртібінен түскен емес. Осы мақсатты алға қойған Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі тәрбие үрдісіндегі жобалар бойынша тәжірибе алмасу семинарын өткізді.

– Біздің мақсат – Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәрбие үрдісіндегі тәжірибелерді сәтті енгізу үшін жалпы орта білім беру мектептеріне әдістемелік қолдау көрсету. Бүгінгі семинарымызда «Ұрпақтар сабақтастығы», «Ұлы дала ақындары», «Менің өмірімдегі қолданылатын мақал-мәтелдер», «Замандастар жырлайды» атты жобаларымызды кеңінен таныстырып, оны таратуды көздейміз. Аталған жобалардың қай-қайсы болмасын оқушы үшін берері мол жемісті жұмыстар, – дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лариса Абылқасымова.

Семинар ZOOM платформасында ұйымдастырылып, оған қатысқан 30 мектептің ұстаздары үшін кураторларымыз өз жобалары бойынша анықтамалық-ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, тәрбие жүйесіндегі жобалардың маңыздылығы қандай? – деген сауалдың жауабын іздеді.

Баспасөз қызметі